Бектенов сиыр етінің бағасын Астананың тәжірибесімен тұрақтандыруды тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектенов арзандатылған сиыр етін ірі сауда желілері арқылы сату тәжірибесін бүкіл ел аумағында кеңінен қолдануды ұсынып, салалық ведомстволар мен әкімдіктерге ет өнімдері бағасын тежеу бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Азық-түлік инфляциясының өсуіне ет және ет өнімдері бағасының үлесін ескере отырып, Сауда, Ауыл шаруашылығы министрліктері мен әкімдіктер аталған өнімдердің бағасын тежеуге ерекше назар аударуы қажет. Сонымен қатар Астана қаласындағыдай, арзандатылған сиыр етін ірі сауда желілері арқылы сату тәжірибесін бүкіл ел аумағында кеңінен қолданған жөн", - деді Үкімет басшысы.
Сонымен қатар, Олжас Бектенов әкімдерге азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру құралдарын қолдануды тапсырды
Соңғы екі айда инфляция деңгейі 12,4%-ға дейін төмендегенін, алайда, кейбір өңірлерде, атап айтқанда, Ұлытау, Ақмола және Атырау облыстарында керісінше, өскені байқалады. Басты себеп – азық-түлік бағасының қымбаттауы болып отыр.
"Өңір әкімдерінде азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін жеткілікті құралдар бар. Тек осы бағыттағы жұмысты күшейту керек", - деп атап өтті Премьер-министр.
Жалпы, инфляциялық процестерді төмендету үшін 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстау қажет.
"Мәйітін алып келуге 2 апта кетеді": Вьетнамға қызымен демалуға барған қазақстандық әйел көз жұмды