Bek Air ұшағының апаты бойынша ұшқыштар қайтыс болғаннан кейін кінәлі деп танылды
Фото: ТЖМ
Алматының Түрксіб аудандық соты 2019 жылы болған Bek Air әуе компаниясы ұшағының апатына қатысты үкім шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Fokker 100 әуе кемесінің апаты 2019 жылдың 27 желтоқсанында болған. Ұшақ Алматыдан Астанаға бағыт алғанымен, әуеге көтерілгеннен кейін бірден биіктікті жоғалтқан. Кейін қоршауды бұзып, әуежай маңындағы екі қабатты коттеджге соғылған. Бортта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты.
58 жастағы Марат Мұратбаев апатқа ұшыраған ұшақтың командирі еді. Ол оқиға орнында көз жұмды. 54 жастағы екінші ұшқыш Миржан Молдақұлов ауруханаға жеткізіліп, 2020 жылдың 21 қаңтарында жағдайы тұрақты болған соң емханадан шыққан. Алайда бір аптадан кейін ол да қайтыс болды.
Ұшқыштарға қатысты іс Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігі бойынша (Әуе көлігін пайдалану ережелерін бұзу, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқтыру) қаралды.
Сот екі ұшқышты да кінәлі деп таныды, бірақ олардың қазасына байланысты жаза тағайындалмады.
"Марат Мұратбаев пен Миржан Молдақұлов Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 344-бабының 3-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылсын, жаза тағайындалмасын, себебі олар қайтыс болған", – деді судья.
Мемлекет 1,7 миллион теңге көлеміндегі іс жүргізу шығындарын өтейді. Bek Air компаниясының мүлкіне қойылған қамау азаматтық талаптар қаралғанға дейін күшінде қалады. Азаматтық талаптардың жалпы сомасы 4,8 миллиард теңге.
Айта кетейік, бұған дейін 2021 жылдың мамыр айында, Талғар ауданының бірқатар шенеуніктері мен риелтор Гүлдала ауылында жер сатқан іс бойынша кінәлі деп танылып, түрлі мерзімге сотталған еді. Ал 2022 жылдың маусымында Талғар ауданы әкімдігінің бірнеше бұрынғы қызметкері 2017-019 жылдары Алматы әуежайы маңындағы жерлерді заңсыз иеліктен шығару және сату істері үшін сотталды.
Апатқа ұшыраған Bek Air ұшағының ұшқышын тергеген тергеушілердің үстінен іс қозғау талап етілді
Ақтау маңында апатқа ұшыраған Embraer 190 ұшағының тағы бір жолаушысы қайтыс болды
Еске салсақ, 2019 жылдың желтоқсанында Алматыдан Астанаға ұшып шыққан Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшыраған еді. Ұшақ ұшқаннан кейін кейін бірден биіктігін жоғалтып, әуежай маңындағы жеке үйге соғылған. Апат салдарынан 12 адам қаза тауып, 67 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алды. 2025 жылдың тамызында Bek Air әуе компаниясының ұшағы апатына қатысты іс сотқа жолданған еді.