Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда үш ұялы байланыс операторы тариф бағасын көтерді: Желіде жұрт оларға жаппай бойкот жариялап жатыр

Фото: Видеодан скрин

Қазақстандық Beeline компаниясының “Үй интернеті” қызметінің айлық абоненттік төлемі күрт қымбаттағанын айтып, наразылық білдірді. Ал компания ресми пікір білдіріп, 2026 жылы 1 қаңтардан бастап тариф құны айтарлықтай өсетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz  ақпарат агенттігі хабарлайды. 

“Beeline-ның бағасы қымбат, ал сапасы сын көтермейді”

Қазақстандық Threads желісіндегі парақшасында тариф бағасы күрт өскенін айтты. Оның жазбасында төлем мөлшерінің өзгеретіні және баға 19 039 теңге болатыны көрсетілген. Бұл бұрынғы тарифпен салыстырғанда шамамен 4 мың теңгеге жоғары.

“Тариф бұрын жыл сайын 1-2 мың теңгеге ғана қымбаттайтын. Алайда биыл өсім бірнеше есе жоғары болып отыр”, – деп жазды. 

Басқа да желі қолданушылары бағаның көтерілгеніне шағым білдірді. Олар қызмет сапасының өзгермегенін, интернет жылдамдығында айтарлықтай алға жылжу байқалмайтынын айтты. 

“Екі күннен бері Threads лентасы Beeline мен Tele2 тарифтерінің қымбаттағаны туралы жазбаларға толып кетті. Ал мен толықтай қолданушыларды жақтаймын. Себебі бағаны күтпеген жерлен, жоғары бағаға өсіру дұрыс емес деп есептеймін. Кей операторлар тарифті жылына бірнеше рет көтереді екен. Бұл қаншалықты заңды? Оның үстіне, қызмет сапасы да бағасына сәйкес келмейді”. 

Скрин: Threads

“Шағым білдіріп жатқандарды қолдаймын. Өзім де қай операторға ауысарымды білмей отырмын. Себебі менде де Beeline. Өз нөмірім және “Отбасылық тарифте” тағы екі нөмірім бар. Айына 7970 теңге төлеймін. Оның өзінде отбасылық пакеттегі интернет, минут пен SMS-ті толық пайдаланбаймын. Үйде Beeline-ның интернеті мен ТВ-пакеті бар еді. Ол 7500 теңге, ал қаңтардан бастап 12 500 теңгеге өседі. Енді соның орнына не алсам болады деп ойлап жүрмін. Алайда анама керек болған соң, ішінде телевизия да болуы шарт. Ал үйде екінші интернет “Қазақтелекомдікі”, айына 6500 теңге”. 

Скрин: Threads

“Кейбірі Beeline-нан толықтай бас тартып, Activ-ке өткенін айтқан еді. Сосын жолдасымды Beeline операторынан шығарып, 5G роутер қойдық. Сосын бүкіл отбасыны Activ-ке ауыстырдық. Beeline-нан бір-ақ күнде бас тарттық”.

“Ауылда тұрамын. Мұнда Beeline ұстайтын бір ғана байланыс мұнарасын қойғандықтан амалсыздан Beeline-ға ауысуға тура келді. Бірақ интернеттің жылдамдығы өте нашар. Тасбақадан да баяу”. 

Скрин: Threads

“Beeline-ның сапасы сын көтермейді. Енді қай операторға ауысарымды білмей жүрмін. Қарасам, көпшілігі басқа провайдерлер де онша емес дейді. Бізде отбасылық пакет пен үйге арналған Wi-Fi бар. Бұрын айына 13 мың теңге төлейтін едік. Енді 15 500 теңге болады. Шыны керек “тамаша жаңалық”.

“Қазақстандықтар Beeline-ға жаппай бойкот жариялап жатыр. Тариф бағасы мен байланыс сапасына байланысты басқа операторларға ауысып кеткендер бар ма? Кім қай операторға ауысқанын жазсаңыздар. Жағдайдың қаншалықты өзееті екенін түсіндіргіміз келеді”.

Скрин: Threads

“1 290 теңгеден басталған тарифті 7 290 теңгеге көтерді”

Желі қолданушылары Beeline операторына ғана емес, Tele2-ге де шағымыны білдірді. 

“Tele2 Қазақстан кішкене ақылдасуға болмай ма? Тарифті қымбаттатып жатырмыз, қаласың ба немесе басқасына өтесің бе деп сұрамайсыздар ма? Бастапқыда 1 290 теңгеден басталған тариф еді ғой. Ай сайын 7 290 теңгеге көтеріп жібергенің қалай?”, – деп жазды желі қолданушыларының бірі. 

Скрин: Threads

“Ақшаға құныққан. Интернет жақсарады деп қымбаттатады. Ал біз мүлде пайдасын көрмейміз. Керісінше ақшаны көп төлеп жүрміз”. 

“Tele2 биыл тариф бағасын екі рет көтерді. Ақпанға дейін 5 090 теңге төлеп жүрдім. 29 наурыздан бастап 6 290 теңге болды. Енді желтоқсаннан бастап 7 290 теңге болады. Неге мен сапасы нашар интернет үшін көп ақша төлеуім керек? 7 300 теңге деген ұят қой”.

Скрин: Threads 

“Отбасымызда 3 адам бар. Мен ғана жұмыс істеймін, қызым – оқушы, анам – зейнеткер. Мобильді байланыс пен үй интернетінің тарифтері қымбаттағаннан кейін ай сайынғы шығындар 45 000 теңгеден асып түседі. Операторлар мен тиісті реттеуші органдардан бағаның өсуін қайта қарап, нақты себептерін түсіндіруді сұраймыз”.

“Tele2.kz, тариф бағасының өсе бергенінен шаршадым. Қазір декретте жүрмін, қосылған гигабайттар мен минуттардың жартысын да пайдаланбаймын. Бірақ қажетсіз қызмет үшін төлеуге мәжбүрмін. Ең қиыны қажет емес опцияларды өшіру де, арзанырақ тарифке ауысу да мүмкін емес. Өйткені қолжетімді тарифтер бұрынғыдан да қымбаттап кеткен. Сонда қолданбайтын қызметке не үшін төлеуім керек”.

Скрин: Threads 

“Бұл енді ақылға сыймайды. Бұрын тариф 4 772 теңге еді, ал 25 желтоқсаннан бастап 6 590 теңгеге көтеріп жатыр. Бұл шамамен 40%-ға көп. Мұндай қымбатшылыққа не себеп? Ешқандай жаңа қызмет, қосымша мүмкіндік қоспады. Интернет сол қалпы, минуттар да өзгермеген. Тек бағаны көтере салды. Адамдар онсыз да азық-түлік пен басқа да тауарлардың қымбаттауына әрең төзіп жүр. Енді мобильді байланыс та өсіп жатыр. Бұл жай ғана қолайсыздық емес бұл ашықтан-ашық басыну”.

Altel, Beeline және Tele2 ұялы байланыс операторы не дейді?

Аталған жағдайға Altel, Beeline және Tele2 ұялы байланыс операторы ресми пікір білдірді. 

Beeline келер жылы 1 қаңтардан бастап тариф құны айтарлықтай өсетінін мәлімдеді.

“2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда қосылған құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі жаңа Салық кодексіне сәйкес 12%-дан 16%-ға дейін өседі. Қосылған құн салығы мөлшерлемесінің өзгеруі байланыс, интернет және оған қатысты қызметтердің бағасына айтарлықтай әсер етеді. Осыған байланысты тарифтік жоспарлар бойынша абоненттік төлем қайта қаралады. Компания жаңартылған бағалар жөнінде өзгерістер күшіне енгенге дейін кемінде 30 күн бұрын алдын ала хабарлайды”, – делінген хабарламада. 

Компанияның мәліметінше, 2025 жылдың 3 тоқсанындағы күрделі шығындар 65 миллиард теңге болып, 2024 жылмен салыстырғанда 30%-ға жоғарылаған. Ал соңғы 5 жылдағы жиынтық көрсеткіш 370 миллиард теңгеден асады.

“Сонымен қатар шығынға әсер ететін бірқатар экономикалық факторлар бар. Мысалы, соңғы 5 жылдағы жиынтық инфляция деңгейі 70%-дан асып түсті. Бұл дәл сол сомадағы ақшаға бұрынғыға қарағанда әлдеқайда аз тауар сатып алуға болатынын білдіреді. Бес жыл бұрын шартты түрде 1 000 теңге тұрған тауарлар қазір 1700 теңге. Сол себепті жабдықтардан бастап шығыс материалдарына дейінгі барлық шығындар өсті”, – делінген компания ақпаратында.

Tele2 мен Altel-де абоненттік төлем мен тарифтер бойынша қызмет көлемі биыл 25 желтоқсаннан бастап өзгеретінін жеткізді. Компания бұл шешімді жаңа Салық кодексінің енгізілуімен байланыстырып отыр.

“Компания тарифтік жоспарлардың бағасын қайта қарайды. Бұл мәжбүрлі шара. Ол желілерді дамыту мен модернизациялауға, техникалық қызмет көрсетуге кететін шығындардың өсуіне, салық заңнамасындағы өзгерістерге байланысты. Абоненттік төлемдердің өзгеруі қызметтердің тұрақтылығын сақтауға және одан да сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ оператор тарифтердің нақты қалай өзгеретіні туралы ақпарат абоненттерге SMS арқылы жіберілетінін мәлімдеді. 

Жұмаділлә Нұрила
Бейсенбі, 27 Қараша, 2025 12:26
Талқылау