Бедеулікті емдеу үшін емшіге барған келіншектер жансақтау бөлімінен бірақ шықты
Шымкентте оншақты келіншек қаладағы танымал емшіге алданып, жәбір көргендерін айтып шағымданды. Олардың бәрі бала көтере алмай жүрген жас әйелдер. Алаяқ-емшіге жасалған жарнамаға сүйенсек, бедеуліктен емдеймін деген емші 23 жыл бойы балалы бола алмай жүргендерге қуаныш сыйлап келеді екен. Бұл туралы КТК арнасына сілтеп, Stan.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Сурет: КТК-дағы бейнематериалдан коллаж жасап алынды
Алайда, алаяққа алдындық деген 40-қа жуық келіншек ақшаларынан ғана айырылып қалмай, сондай-ақ денсаулықтарына қатты нұқсан келтірген көрінеді.
Олардың барлығы құлақ құрышын қандырарлық жарнама сеніп, ана болуды армандаған әйелдер.
Шымкенттік Ұнсынай Маскееваның бедеу әйелді демде емдейді екен дегенді естіп, алып-ұшып келген оларды емші еш кідірместен қабылдапты. Барлығына бір диагноз қойып, бір ғана емдік шара жүргізіпті. Бірнеше күннен кейін көтердің деп қомақты сыйлық әкелуді бұйырады. Ал, емшінің сөзіне сеніп бар ақшаларын шашқан келіншектер бала сүймек түгілі, күйеулерімен ажырасып, қарызға белшелерінен батқан.
“30-шы мамыр күні бала көтердің деп шықты. Тест қызарып шықты. УЗИ-ға барсақ ешқандай бала жоқ”,- дейді жәбірленуші.
“Мен 35 күнге 700 мың теңге төледім. 700 мыңға тампон мен уқалайтын майы кіреді. Бірақ менің жатырым кішірейіп қалды. Осыны айтып барғанымда мені кәдімгідей қорқытты”,- дейді тағы басқасы.
Өздері Ұнсынай апа деп атаған емші шытырлатып ақша алғанымен қоймай, тез көтеру үшін жатқан жерін тазалауды бұйырады дейді келіншектер. Яғни, медициналық орталықтың еденін жуып, шаңын сүртсең бала көтеруге мүмкіндік көбейетін көрінеді. Алдандық дегендердің арызын тыңдаған құқыққорғаушы Айгүл Орынбек, қазірдің өзінде опық жегендер саны 40-тан асқанын айтады.
“Қазақстанның әр түкпірінен өте көп. Атырау жақтан өзінің маткасынан айрылып жатқан қыздар бар, Алматы жақтан 2 трубкасынан айрылып жатқан қыздар бар. Яғни бұл кісі УЗИ-ға түспейсің деп қыздардың сеніміне кіріп, психологиялық тұрғыдан қысым көрсетіп денсаулығына зақым келтіріп отыр ғой. Яғни, қазір реанимацияда жатқан қыздар бар”,- деді құқық қорғаушы Айгүл Орынбек.
Емшінің емінен соң еңірегендермен бірге медициналық орталыққа барғанбыз. Тек, алдымыздан шыққан көмекшілері әуелі емші әйелді жоқ деп, келгендерді беттен алса, артынша тілшілерді ғана ішке кіргізді. 55 жастағы әйел әр пациенттен күндігіне 4 мыңнан артық алған емеспін деп ақталады. Жұртқа жақсылық жасаймын деп өзім қоқан-лоққы естіп жатырмын дейді.
“Ақшамды қайтар деп күн сайын телефон арқылы қорқытып жатыр”,-деді емші Ұнсынай Маскеева.
Жәбір көрдім деген емші қазір 4 адамға қатысты тергеу органдарына арыз түсіріпті. Өз кезегінде Ұнсынай Маскееваға алдандық деген әйелдер де жаппай полицияға шағым жазып жатыр. Емшіден көңілі қалған келіншектер бұл іске елордалық шенеуніктер назар аударса дейді. Себебі, құрығы да ұзын қалтасы да қалың емші күнгейде жазасыз қалуы мүмкін деп қорқады.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.