BBC басылымы "бөгде ғаламшарлық" Маңғыстау туралы әсерлі бейнеролик жариялады
Фото: shutterstock
BBC Маңғыстау туралы әсерлі бейнеролик жариялады. Ол Қазақстанның ең тылсым әрі әсем өңірлерінің бірі ретінде көрсетілген.Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
BBC басылымы Қазақстанның ең ерекше және әдемі аймақтарының бірі — Маңғыстау туралы әсерлі бейнеролик жариялады. Сюжет "The alien lands once hidden beneath the ocean" ("Бұрын мұхит астында жасырынған бөгде ғаламшарлық жерлер") деп аталады. Видеода Маңғыстаудың таңғажайып табиғаты көрсетілген.
Бейнероликте көрермендер 27 жастағы гид Гаухар Есіркеповамен бірге қазақ даласының 700 шақырым жеріне саяхаттайды. Ол Боқты тауының қабатты жоталарын, Қызылқұп каньонының түрлі-түсті соқпақтарын (оны ерекше түстері үшін әзілмен "тирамису" деп атайды), сондай-ақ ғарыш бейнелі Ыбықтысай шатқалын және қамал тәрізді Бозжыра жартасын көрсетеді.
Жоба авторлары Маңғыстауды “өзге ғаламшарлық мекен” деп сипаттайды. Бейнекадрларда шексіз үстірттер, каньондар мен борлы жартастар бейнеленген. Бұл жерлер миллиондаған жыл бұрын ежелгі мұхиттың түбі болған. Сондықтан бұл аймақтың табиғаты кейде Марс ландшафтына ұқсайды, тек қазақстандық реңкі бар делінеді.
BBC видеосында Маңғыстаудың соңғы жылдары туристер арасында барған сайын танымал бола бастағаны да айтылады. Әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшылар мұнда ерекше табиғат көріністері, еркіндік сезімі және басқа еш жерде кездеспейтін ерекше энергия алу үшін келеді.
Айта кетейік, Қазақстан үкіметі де өңірдің туристік әлеуетін белсенді дамытып келеді. 2025–2029 жылдарға арналған кешенді жоспарға сәйкес, Маңғыстауда жаңа жолдар мен инфрақұрылым нысандары салынып, Бозжыра, Тамшалы, Жығылған, Шақпақ-Ата, Саура және Қызылқұп сияқты көрікті жерлерге ыңғайлы туристік бағыттар жасалады.
"Мен журналист едім, ағылшынша білетін адам болса, шағын интервью түсіргім келеді. Сіз түсе аласыз ба?” дегенде, ВВС-ге екенін қайдан білейін. 3 күн жүріп түсірдік, балық қуырып бердім Бозжырада, өзімше бар білгенімді айттым,. “На лайте” өтті бәрі. Келіп, түсіріп жатқанда BBC Travel-ге деп айтты, мен бір кішкентай бөлшегі шығар, жабық каналға салатын шығар деп ойладым. Сөйтсем, ВВС-дің ресми сайтына сілтеме жіберіп тұрғанда, шок болып қалдым", - деп жазды журналист Гаухар Есіркепова әлеуметтік желіде.

Қазақстан қалаларында қоғамдық көлікпен жүру құны қанша
