"Базардан алсаңыз да бәрібір": Әнуар Жанғозин мектеп формасына қандай талап қойылғанын түсіндірді
Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасының басшысы Әнуар Жанғозин мектеп формасына қойылатын талаптарды атады, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Сурет: martebe.kz
«Жергілікті өндірушілерге мониторинг жасадық. Шынымен мектеп формасы ғана емес, сапалы аяқ киімді шығаратын өндірушілер бар. Өздері тігетін жеткізушіден мектеп формасын 20 мың теңге шамасында алуға болады. Аяқ киімді 6-8 мыңнан 10 мың теңгеге дейін алуға болады. Қыздар мен ұлдарға да бірдей осындай бағада шығуы мүмкін», - деді Жанғозин.
Басқарма басшысы Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы ата-аналармен бірге екі жыл бұрын мектеп формасы қою көк түсте болуы тиіс деген шешім қабылдағанын айтты.
«Мектеп формасын нақты жеткізуші жоқ. Дайын ешқандай эскиз де жоқ. Жалғыз талап – мектеп формасы қою көк түсте болуы тиіс. Қайдан сатып алынады, базардан ала ма, ательеде тіге ме, маңызды емес. Мектеп логотипі бөлек дайындалады. Ұлдарға – жилет, шалбар, ақ жейде немесе салқын күндері водолазка, ал қыздарға – сарафан мен жейде немесе жилет, жейде, юбка немесе жилет, жейде, шалбар. Ата-аналарды белгілі бір жеткізушіден сатып алуға мәжбүрлеп жатса, бірден бізге хабарласыңыздар. Тиісті шараны жасаймыз», - деді ол.
Басқарма баспасөз қызметі берген ақпаратта мектеп формасына түрлі діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтыны жазылған.