Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Байзақтағы жарылыс: Сотталған қос сарбаздың жаза мерзіміне тағы 4 жыл қосылды

Шымкент қаласы әскери горнизоны сотында атышулы Байзақтағы жарылыс бойынша аппеляциялық соттың шешімі тыңдалды. Шешім Астана қаласында шығарылды. Бұған дейін әрқайсысы 9 жылға сотталған қос сарбаз Әсет Әшірбай мен Ерполат Тұранов оған Шымкенттен онлайн қатысты. Сотқа қос жігіттің ата-анасы да келіп, жазаның жеңілдеуін тағатсыздана күткен еді. Алайда апелляциялық сот сарбаздарға берген жазаны одан әрі қатаңдатып жіберді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото видеодан алынды

"Жазаларды ішінара қосу арқылы Тұрановқа түпкілікті 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Жазаны орта мекемеде өтеу белгіленсін ", – деді судья.

Сонымен сот бұған дейін 9 жылға сотталған Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбайдың жаза мерзіміне тағы 4 жылдан қосты. Осылайша Байзақтағы әскери бөлімде отан алдындағы борышын өтеген қос жігіт енді 13 жылын түрмеде өткізеді.

Сондай-ақ бұған дейін сот залынан босатылған олардың 2 офицері 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Олар сотқа Астана қаласынан қатысқан. Онлайн байланыста бірінің денсаулығы нашарлап, жедел жәрдем шақыртып жатқаны естілді.

Шешімді Шымкенттен естіген сотталған сарбаздар келіспейтінін айтып, жанайқайын жеткізді.

Фото видеодан алынды

"Әділеттік жоқ. Бәрібір әділеттік жоқ. Алла жазаларын берсін олардың. Әділетсіз Қазақстан, мүлдем әділетсіз. Бізді 13 жылға бас бостандығымыздан айырып жатыр. Не үшін?”, – деді сарбаздардың бірі. 

Апелляциялық сот шешіміне сарбаздардың адвокаттары да келіспейді. Сотқа сұрақ қойғалы тұрғанда Астанадан байланыс үзілді. Қорғаушылар сөзінше Әшірбаев мен Тұрановты соттау үшін ешқандай кінә дәлелін таппаған. Осылай деген мамандар жігіттердің жазықсыз сотталғанын айтты.

"Бұл істе әділдік болмады. Алқадағы сотта үш сот отырды. Осылардан әділдік күттік біз. Ешқандай әділдік болмады. Бұл қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу кезінде де, бірінші инстанциядағы сот болған кезде де менің қорғауымдағы Тұранов пен Әшірбайды соттауға ешқандай дәлел болмады. Сонда да соттап жіберді ", – дейді адвокат Абзал Өмірәлі.

Фото видеодан алынды

Еске салайық, былтыр 20 қазанда Байзақтағы жарылыс үшін қос сарбаз Әсет Әшірбаев пен Ерполат Тұранов "Бөтеннің мүлкін қасақана жою және бүлдіру" 9 жылдан сотталған еді.

Ал жауынгерлермен бірге жауапқа тартылған 4 офицерді сот ақтап шыққан еді. Енді міне, қос сарбаз бен прокуратура берген апелляциядан соң офицерлердің екеуі 5 жылға, ал жауынгерлер 13 жылға бас бостандығынан айрылды. 

2021 жылы Жамбыл облысы, Байзақ ауданындағы оқ-дәрі сақтайтын қойма жарылып, 18 адам жан тапсырып, 81 азамат жараланған. Бұл істі жасады деген айып сол жерде әскери борышын өтеп жүрген Ерболат Тұранов пен Әсет Әшірбайға тағылды.

 

Талқылау