"Бұл соманы тарифтерге қосып қояды": Сарапшылар байланыс саласындағы жаңа "салыққа" күмән келтірді
Фото: freepik.com
Қазақстанда байланыс пен интернет үшін жаңа "салық" енгізу ұсынылды. Сарапшылар пікірінше, бұл қарапайым халыққа салмақ салып, интернет бағасының өсіп кетуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Atameken Business арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мамырда "Ашық НҚА" порталында жарияланған заң жобасына сәйкес, Телекоммуникация қызметтерінің сапасын арттыру қорын құрып, жыл сайын байланыс операторларының жылдық табысынан 3% пайыз көлемінде жарна алу ұсынылған. Ондағы мақсат – интернет сапасын жақсарту және телекоммуникациялар саласындағы азаматтардың құқығын қорғау. Алайда заңгерлер мен сарапшылар компаниялар шығынды тұтынушылардың мойнына артып қоюуы мүмкін деп есептейді. Бұл интернет бағасының тағы өсіп кетуіне әкеп соқтыруы мүмкін.
"Бұл жанама салық сияқты көрінгенімен, кейін операторлар бұл соманы тарифтерге қосып қояды деп есептеймін", – дейді салық жөніндегі заңгер Әйгерім Ақниет.
Салық жөніндегі сарапшы Маржан Сымбатқызы бұл жарна тариф құнына әсер етуі мүмкін екенін айтады.
"Құқық тұрғысынан алғанда бұл модель – қолдануға болатын әрі ақылға қонымды тетік. Мұндай қорлар АҚШ, Еуропа сияқты дамыған елдерде бұрыннан бар, өз-өзін ақтаған. Қазір Қазақстанда сондай қорды қайта құру жоспарланып отыр. Елімізде оның қалай жұмыс істейтіні, мемлекет пен қызметті жеткізушілер арасында делдалға айналып кетпей ме деген дүниелер әлі белгісіз. Цифрлық тұрғыдан алғанда, кейін шынымен де тариф құнына әсер етуі мүмкін. Заңгер емес, тұрғын ретінде бұл сома тұтынушылардың, яғн біздің мойнымызға артылады деп ойлаймын", – дейді ол.
Еске салсақ, бұған дейін Цифрлық даму министрлігі телекоммуникация қызметтерінің сапасын арттыру және байланыс желілерінде азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында арнайы қор құруды ұсынып, заң жобасын жариялағанын жазған едік.