"Ресторанда өтті, деңгейі төмен болды": “Miss Qazaqstan – 2025” байқауының жеңімпазы мен ұйымдастырушылары желіде сынға ұшырады
Фото: Делия Айдаралиева
Желіде кеше Алматыда өткен “Miss Qazaqstan – 2025” ұлттық сұлулық байқауы қызу талқыға түсті. Көпшілік елдің ең сұлу аруы деп танылған Алина Ридің жеңісін әділ шешім емес деп бағалап, бұл атаққа өзге қатысушылар да лайық болғанын алға тартты. Сондай-ақ финалдың мейрамханада өтуі мен шараның төмен деңгейде ұйымдастырылғаны да көптің көңілінен шықпады. Қолданушылар байқауға қатысты сыни пікірлерді жарыса жазып жатыр. Stan.kz желіде жазылған пікірлерге шолу жасады.
Kursiv.media мәліметінше, байқаудың ресми басталуы 20:00 жоспарланғанымен, шамамен бір сағатқа кеш басталған. Ал орындықтар дұрыс емес қойылған. Бұған қоса БАҚ өкілдері залдың ең қолайсыз бұрышына орналастырылған. Үстелдердің арақашықтығы тар болғандықтан, фотографтар мен видеографтарға жұмыс істеу қиынға соққан. Сондықтан олар толыққанды пресс-аймақтың болмауы ұлттық деңгейдегі шараға мүлде сай келмейді деп бағалады.
Неге мейрамханада өтті?
Желі қолданушыларын таңғалдырған тағы бір шешім – финалдың Queen Almaty мейрамхана кешенінде өтуі.
Қымбат, бірақ іші тар караоке-форматтағы зал ауқымды іс-шараға тарлық етті. Байқауда қонақ көп болған, бұған қоса олар қатысушыларды фото-видеоға түсіремін деп көп жүрген, ал бұл бейберекет әсер қалдырды. Көпшілік мұндай атмосфераны мектептегі акт залындағы іс-шарамен салыстырды. Бұл әсіресе Республика сарайында өткен “Қазақ аруы” байқауымен салыстырғанда айқын сезілген.
Фото: Делия Айдаралиева
Әлеуметтік желідегі сын
Желі қолданушылары байқаудың ұйымдастырушыларын жаппай сынға алды. Олардың айтуынша, байқаудың финалына өзге өңірлердің миссі атанған арулар емес, алматылық модельдер өткен. Аймақтан келген қатысушылар жол ақысы мен дайындық шығындарын өздері көтеретінін ескерсек, олар мұндай шешімді әділетсіз деп санайды.
“Ұят! Өңірлерден келген мисстер өтпеген, бірақ алматылық модельдер топ-5 қатарында болды. Байқаудың сәні кетті. Басқа қалалардан келген қатысушылар көп еңбектенеді, қаланың миссі болу да қандай қиын. Ал соңында біреудің “танысы” Мисс Қазақстан болып таңдалады. Бұлай әлемдік деңгейге көтеріле алмайсыздар!”, “Мисс Казақстан 2025” әділетсіз өтті деп есептеймін. Өңірден ұтып келген қыздардын арасында болу керек еді бұл сайыс. Модель болып істейтін орыс қызға бере салғандары ше гран-приді”, “Неге әлемдік сұлулық байқауына Қазақстанның атынан қазақ қызын жібермеске? Иә, қыз сұлу, бірақ қазақ атынан барған соң, қазақ елінің қыздарын табиғи сұлулығын көрсететін адам баруы керек деп ойлаймын”, – деп жазған олар.
“Мені сынай беріңіздер, бірақ еліміздің намысын халықаралық аренада қорғайтын ару қазақ болуы керек деп ойлаймын, өйткені ол Мисс Қазақстан”, “Масқара. Агенттіктен алматылық модельдерді таңдап алғансыздар да, орындарды соларға бердіңіздер. Ақыры бәрі шешіліп қойған екен, өңірлік байқауларды не үшін өткізесіздер? Жөні дұрыс тікелей эфир де жүргізбедіңдер, қисық түсірдіңдер, арасында көрінбей қалады. Билеттерді 30 мың теңгеден саттыңдар. Бұл модельдердің байқауы емес, бұл сұлулық байқауы”, – деп жазған олар.
Кейбір пікір қалдырушылар кейінгі жылдары байқаудың деңгейі төмендеп, бұрынғыдай театр немесе Республика сарайы секілді беделді алаңдарға қайтару қажетін айтты. Сонымен қатар байқауды караокеде өткізу және билеттердің 30 мың теңгеден сатылуы да шара мәртебесіне сай емес деп бағаланды.
Көрермендердің айтуынша, Miss Qazaqstan бүгінде ауқымды қоғамдық оқиғадан гөрі қатысушылар мен ұйымдастырушылар үшін ғана маңызды шараға айналғандай.
Айта кетейік, бұған дейін “Miss Qazaqstan 2025” байқауында шымкенттік ару жеңімпаз атанғаны хабарланған еді.
22 жастағы шымкенттік Алина Ри “Miss Qazaqstan 2025” атағын иеленді. Ол Қазақстанды халықаралық аренада таныстыру құқығына ие болды. Алина Ри шығармашылық ортада өсіп, үш жасынан би үйірмесіне қатысқан. Осы уақыт ішінде ондаған сахнада өнер көрсетіп, мықты сахналық образ қалыптастырды.
Байқаудың өзге де жеңімпаздары:
– Miss People’s Choice – Алина Нурахметова
– Miss Adalin Clinic – Аида Жанкылыш
– Miss Dress Angel – Лаура Актаева
– Вице-мисс Қазақстан және Miss Marie Claire – Дильназ Сарсенбай
– Miss Sun Group – Диана Санат
– Екінші вице-мисс Қазақстан – Камила Даулетова
– Miss Earth Kazakhstan – Шадияра Байкенова
– Miss Grand Kazakhstan – Анель Емел
"Марғаулар азаппен өліп жатыр": Астанада 80-ге жуық адамға ауру мысық сатқан әйел қылмыстық іс қозғалса да әлі ісін жалғастырып келеді