“Әндеріме қаламақы төлемеді”: Әнші Bayansulu-дың әндерінің авторы мәлімдеме жасады

Желіде Bayansulu лақап атымен танымал Баянсұлу Сағындықованың репертуарындағы бірқатар хит әндердің авторы, композитор Қуат Әбіл ел алдына шығып, мәлімдеме жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қуат Әбілдің айтуынша, ол әнші Баянсұлудың “Ұмытсам да”, “Сондайы бар енді”, “Ауа райы”, “Күтемін”, “Lalala” атты бес бірдей әнін жазған. Композитор өзіне тиесілі әндер үшін қаламақы төленбегенін, ал мәселені заңды түрде шешуге тырысқан сәтте, керісінше сотқа шақырту алғанын жеткізді.
“Баянсұлумен алғашында келіскен кезде “Маған ақша керек емес, атым шықса болды” деп айтқан еді. Қолымнан келгенін істедім. Енді, үлкен мәселе – менің әндеріме қаламақы төленген жоқ. Мен тегін жұмыс істедім”, – дейді ол.
Оның сөзінше, бұған дейін әншінің YouTube-тағы бірнеше әнін өшірткен, орындауға тыйым салған, алайда кейін қайта келісім арқылы қайта жүктелгенін айтты.
Қуат Әбіл Баянсұлу бұрынғы продюсерімен жұмысын тоқтатқаннан кейін, жаңа командасымен бірге өзіне қайта жүгінген. Ал композитор тиесілі қаламақысын төлеуді сұрағанда сотқа шақырту қағаз алған. Енді ол елден әділдік сұрап отыр.
“Менің бес балам бар. Көмек сұрап келген кезде барымды салып, жақсы әндерімді бердім. Танылып алғаннан кейінгі қарым-қатынас осындай болды. Сонда әділдік қайда?” – деді ол видеоүндеуінде.
Айта кетейік, бұған дейін Баянсұлу өзінің продюсері Әлішер Бурхановпен жұмысын тоқтатқанын мәлімдеген еді. Әнші “Ауа райы”, “Сондайым бар енді”, “Ұмытсам да” сынды танымал әндері арқылы көпшілікке кеңінен танылған болатын.
"Пасханы да, Ораза айтты да бірге тойламыз": Қазақстандық ару көпұлтты отбасындағы татулық пен ерекше дәстүрлері туралы айтты