Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бауыржан Байбектің әкесіне тиесілі компания Ақмола облысында тау-кен байыту комбинатын салды

Фото: Облыс әкімдігінен 

Бұрынғы Алматы әкімі Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбек Ақмола облысында жүзеге асып жатқан ірі өндірістік жобаның ортақ иелерінің бірі атанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақжайық порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әңгіме Алексеев каолин кен орны негізінде салынып жатқан тау-кен байыту комбинаты туралы. Жобаны Qazaq Kaolin компаниясы жүзеге асырып жатыр. Ал құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, кәсіпорынның тағы бір ортақ иесі – елордадағы Aray Media Group корпоративтік қорын басқаратын Бекзат Керімбай. Жоба жеке қаражат есебінен қаржыландырылып жатыр. Әкімдік мәліметінше, өндірісте қоршаған ортаға зияны аз, қалдықсыз өңдеуді қамтамасыз ететін неміс технологиялары қолданылады.

Кәсіпорынды шілде айында іске қосу жоспарланған. Қазір ішкі және сыртқы инженерлік желілер тартылып, газбен қамту және автоматтандыру жүйелері орнатылуда. Негізгі ғимараттағы құрылыс жұмыстары аяқталған.

Құрылыс басталғалы бері Алексеев кен орнында 120 мың тонна каолин өндірілді. Каолин – "ақ саз" деп аталатын пайдалы қазба. Ол байытылғаннан кейін фарфор мен фаянс өндірісінде, сондай-ақ қағаз, резеңке және пластмасса жасауға пайдаланылады.

Бұл кен орны әлемдегі ең ірі кен орындарының бірі саналады. Мұнда 1979 жылы іске қосылған кеңестік тау-кен байыту комбинаты жұмыс істеген. Алайда 1996 жылы кәсіпорын жабылып, өндіріс тоқтаған.



Qazaq Kaolin компаниясының басшысы Марат Хасенов жаңа комбинат маңында керамика, құрылыс материалдары және өзге де өнім шығаратын өндірістік кластер құру жоспарланып отырғанын айтты.

Бауыржан Байбек 2015–2019 жылдары Алматы қаласының әкімі болды. Оның әкесі Қыдырғали Байбек зейнетке шыққаннан кейін кәсіпкерлікпен айналыса бастаған. 2023 жылы ол құрылыс кезіндегі рәсімдік талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

STAN.KZ
Жұма, 20 Ақпан, 2026 16:19