Батыстың 15 елі Палестина мемлекетін мойындауға дайын
Фото: Pixabay.com
15 батыс елі тәуелсіз Палестина мемлекетін тануға дайын екені туралы мәлімдемеге қол қойды. Бұл туралы Stan.kzақпарат агенттігі хабарлайды.
Құжат Нью-Йоркте Палестина-Израиль жанжалына арналған конференцияда қабылданды. Оның мәтінін Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро жариялады.
Қол қойған елдердің қатарында Финляндия, Испания, Ирландия, Словения, Португалия, Люксембург, Исландия, Норвегия, Аустралия, Канада бар. Олар 2023 жылдың 7 қазанындағы ХАМАС шабуылын айыптап, кепілге алынғандарды босатуды талап етті және аймақтағы ауыр гуманитарлық жағдайды атап өтіп, Газадағы соғыс қимылдарын тоқтатуға шақырды.
Сыртқы саяси мәлімдемеде Газа секторын қалпына келтіру, қарусыздандыру және ХАМАС-ты басқарудан шығару қажет екені де айтылған. Қазіргі Палестина әкімшілігінің сайлау өткізуге және болашақ мемлекетті қарусыздандыруға міндеттеме алғаны көрсетілген.
Еске салсақ, бұған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон қыркүйекте Нью-Йоркте өтетін БҰҰ Бас ассамблеясында француздар Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын мәлімдеді. Палестинаның ресми тұлғалары Макронның бұл шешімін құптап отыр, ал Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл қадам ХАМАС-тың 2023 жылғы 7 қазандағы шабуылынан соң "лаңкестікті марапаттау" болатынын мәлімдеді.
Осыдан кейін Ұлыбритания да Палестина мемлекетін мойындайтыны белгілі болды.

“Енем басқа дінде болса да, мен үшін мешітке барды”: Үнді жігітіне тұрмысқа шыққан қазақ қызы өмірі туралы айтып берді
