Батыс Қазақстан облысына биыл да су басу қаупі төніп тұр
Синоптиктердің су тасқыны болуы мүмкін деген болжамынан кейін Батыс Қазақстан әкімдігі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын бастап кетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Ауа температурасы күрт жоғарылап, тоқтаусыз жауын-шашын болса Оралда және бірнеше аудандарда қалыңдығы 2 см болатын мұз жамылғысы су тасқынына әкелуі мүмкін деген болжам бар.
Батыс Қазақстан облысының әкімдігі қаңтардағы жауын-шашынның көлемі 2024 жылмен салыстырылғанын атап өтті. Бұл да көктемгі су тасқынының ықтималдығын арттырмақ. Әсіресе, Тасқала, Сырым, Бөрлі, Теректі және Бәйтерек аудандарына қауіп төніп тұр.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтың айтуынша, су тасқынының алдын алу үшін біршама жұмыс атқарылған. Жайық өзенінің бойына 102 шақырымдық 54 қорғаныс бөгеттері салынды. Аймақ басшысы су қоймалары мен су бұру арналарының жағдайын бағалауды, қажет болған жағдайда тазартуды, жедел әрекет ету үшін барлық қызметтердің сақадай сай болуын тапсырды. Төреғалиев 2025 жылдың көктемінде облыстағы барлық инфрақұрылымы сынақтан өтетінін айтты.
“Біз көктемге барынша дайындалуымыз керек. Су тасқынының алдын алу шараларын сапалы жүргізу маңызды”, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысы Орал қаласы мен басқа да аудан әкімдеріне және тиісті мекемелерге дайындық жұмысын күшейтуді тапсырды.