Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстанда 15 адам тышқан безгегін жұқтырды

Батыс Қазақстанда 15 адам тышқан безгегін жұқтырды

Фото: Видеодан скрин

Батыс Қазақстанда кең тараған тышқан безгегін бір айда 15 адам жұқтырып үлгерген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүйрек синдромды геморрагиялық қызба деп аталатын дертті кәдімгі кеміргіштер тасымалдайды екен. Елімізде бұл вирус тек Батыс Қазақстан облысында ғана кездеседі. Биыл ауру тіпті дендеп кеткен.

“Жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызды. 5-6 күн бойы жүрегім айнып, ештеңе жемедім. Дәрігерлер сүт берді. Қазір су іше бастадым. Жағдайым жақсарып келеді”, – дейді науқастардың бірі Сергей Плешанов.

Аталмыш індетті жұқтыру оңай. Адам кеміргіштердің нәжіс иісі таралған ауамен дем алса болды, ауырып қалады. Дерттің дендеуіне тышқандардың биыл тым көбейіп кеткені себеп болған. Тұрғындардың айтуынша, тек жер үйде ғана емес, көпқабатты баспаналарда да кеміргіштер қаптап жүр. Жыл басынан бері тышқан безгегімен ауырған 24 науқас ауруханаға жатқызылған. Қараша айында оның саны тағы 15-ке өсті. Көп науқас ауруханаға тамақ іше алмайтын, тіпті жүре алмайтын күйде жеткізілді. Егер ауру асқынып кетсе, ем-дом бір айға дейін созылуы мүмкін. Індет әсіресе күзде тарайды. Ал мамандар аурудың алдын алу үшін тазалық сақтау керек дейді.

“Бүйрек синдромды қызба ауруының алдын алу мақсатында келесіні ұсынамыз: шөп, бидай өнімдерімен жұмыс істегенде кеміргіштер болуы мүмкін шаңды бөлмеде респиратор қолдану керек. Кеміргіштермен ластануы ықтимал өнімдерді қолданбау, сонымен қатар әкімдік тарапынан жергілікті атқарушы органдармен дератизация жүргізу керек”, – дейді БҚО санитария-эпидемиологияны бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 19 Қараша, 2025 08:49
Талқылау