Қазақстандық зейнеткер алаяқтарға 100 миллион теңгесін аударып жіберген
Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің басшысы Арман Оразалиев Ақсай қаласында зейнеткер алаяқтарға 100 миллион теңге аударып жібергенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Мой город-қа сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Арман Оразалиевтің айтуынша, ақпан айында Бөрлі аудандық ішкі істер бөліміне Ақсай қаласының 70 жастағы тұрғыны хабарласқан.
Зейнеткер алаяқтардың айласына түсіп қалғанын хабарлаған. Белгісіз ер адам WhatsApp мессенджері арқылы қоңырау шалып, өзін ұлттық банк қызметкерімін деп таныстырып, ақшасын депозитте сақтаймын деген желеумен 100 миллион теңге аударуды сұраған.
"Бұған дейін учаскелік полицейлер жәбірленушімен түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Соған қарамастан ер адам алаяқтардың айласына түсіп қалып отыр. Ол ақшаны өз бетінше аударған", – деді Батыс Қазақстан облысы ПД басшысы.
Бұған дейін батысқазақстандық полицейлер алаяқтардан сақтау үшін облыстың үш мыңнан аса тұрғынының шотын бұғаттаған.
"Егер телефон арқылы шот туралы ақпарат сұраса, тұтқаны қойып, өзіңізге қызмет көрсететін банкке қоңырау шалып, менеджерлерден барлығын анықтаңыз. Айта кетері, қылмыскерлер басқа елдерден де телефон соғады. Олармен мемлекеттік тілде сөйлесуге тырысыңыз. Бұл біздің кеңесіміз", – деді Арман Оразалиев.
Еске салайық, Абай облысында банк қызметкері клиенттерінің атына несие рәсімдеп, ақшаны өз шотына аударып отырғанын жаздық. Абай облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, банкте жұмыс істейтін 24 жастағы Аягөз қаласының тұрғыны 29 адамды алдаған.