Батыс Қазақстан облысында мас күйде жол апатын жасаған әкімдік қызметкері жұмыстан шығарылмаған
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев мас күйде жол апатын жасаған шенеуніктің жұмыстан шығарылмағанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Мой Город басылымынан, Ербол Найзабеков
Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте аймақ басшысынан мас күйде жол апатын жасаған әкімдік қызметкері Ербол Найзабеков туралы сұраған.
"Бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Аяқталған соң материалдан сотқа беріледі", – дейді Төреғалиев.
Ал аталған қызметкердің жұмыстан қуылған немесе қуылмағаны туралы сұрағанда, әкім оның қызметінде екенін айтты.
"Қазір ол жұмыста жүр", – деді БҚО басшысы.
Айта кетейік, 1 қазанда Орал қаласында төрт көліктің қатысуымен жол апаты болған еді. Volkswagen Tiguan көлігінің 44 жастағы жүргізушісі бағдаршамда тұрған Mercedes көлігіне, кейін ВАЗ бен Skoda Rapid көліктеріне соғылған. Жол апатының себепкері 44 жастағы Ербол Найзабеков әкімдік қызметкері екен, оның үстіне ол мас болған. БҚО әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз оның бөлім басшысы екенін растаған.