Батыс Қазақстан облысында боран кезінде үш адам қаза тапты

Фото: depositphotos.com
Батыс Қазақстан облысында боран кезінде үш адам қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 13–14 желтоқсан күндері өңірді шарпыған боран салдарынан үш адам қаза тауып, тағы бір адам аман қалды.
“Жәнібек ауданында 58 жастағы ер адамның мәйіті табылған. Бөкей ордасы ауданында 25 жастағы ер адам қаза болған. Ал Қазталов ауданында құтқарушылар боран кезінде жоғалып кеткен 35 жастағы ер адамның денесін тапты. Алдын ала деректерге сәйкес, үшеуі де үсіп қайтыс болған”, – деп мәлімдеді төтенше жағдайлар департаменті өкілдері.
Ақжайық ауданында іздестіру тобы 54 жастағы ер адамды тірі күйінде тапты. Зардап шегушінің аяқ-қолдары үсіп қалғаны анықталып, ол Орал қаласындағы медициналық мекемеге жеткізілді, қазір қажет ем қабылдап жатыр.
Сондай-ақ боран кезінде жоғалып кеткен 59 жастағы ер адамды іздестіру жұмыстары жалғасуда. Іздеу шараларына құтқарушылар, әскери қызметкерлер, полиция қызметкерлері және жергілікті әкімдік өкілдері жұмылдырылған.
Бұған дейін өңірде дауылды ескерту жарияланған еді. Демалыс күндері желдің екпіні кей жерлерде секундына 23–28 метрге дейін жетіп, өңірдегі тас жолдар жабылды. Тұрғындарға аса қажеттілік болмаса, үйлерінен шықпау жөнінде ескерту жасалды.
Еске салсақ, Атырауда боран салдарынан жедел жәрдем жұмысы қиындағанын жазғанбыз.
"Екеуі екі-үш күн қатарынан жанжалдасып, соңы осындай болды": Шымкентте 21 жастағы қыздың өліміне қатысты көршілері көргендерін айтты