Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел 11 жылдан кейін ғана күйеуінің қайтыс болғанын дәлелдеп шықты

Фото: pixabay.com

Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында тұратын әйел 11 жыл бойы күйеуінің қайтыс болғанын дәлелдеумен жүрді. Тек 2025 жылы ғана сот күйеуінің өлгенін ресми түрде мойындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ер адам 2014 жылғы 7 сәуірде ауыр дерттен қайтыс болған. Әйелдің айтуынша, жерлеу рәсімінде марқұмның туысы мен танысы куәгер ретінде қатысқан. Дегенмен осы уақытқа дейін оның қолында қайтыс болу туралы ресми куәлік болмаған. Медициналық анықтама немесе сот шешімі болмаса, АХАТ бөлімі өлімді тіркеуден бас тартқан.

11 жыл бойы әйел осы шындықты мойындатуға тырысқан. Ақыр соңында іс сотқа жетіп, ол 1972 жылы туған күйеуінің қайтыс болғанын заң жүзінде тануды сұрады.

Полиция тарапынан берілген жауапта азаматтың қайтыс болғаны туралы ақпараттың 2014 жылдың сәуірінде-ақ тіркелгені айтылған. Ол кезде өлімнің табиғи себептермен болғаны анықталып, қылмыстық іс қозғалған жоқ.

Сотта куәгерлер ант беріп, марқұмның расында сырқаттан қайтыс болғанын және олар жерлеу рәсіміне қатысқанын айтты. Арызданушы әйел қарсылық білдірмей, шешімді соттың қарауына қалдырды.

Жәнібек аудандық соты ұсынылған дәлелдерді қарап, әйелдің өтінішін қанағаттандырды. Осылайша, арада 11 жыл өткен соң әйел күйеуінің өлімін ресми түрде рәсімдей алды. Аталған сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.


Қазақстандық әйел дәрігерлердің қателігінен анасының орнына "көз жұмған"


Аттасы өмірін 10 жыл бойы улаған: Қарағанды облысы тұрғының аты-жөні бірдей адамнан жапа шекті


Еске салайық, бұған дейін Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауылының тұрғыны құжат бойынша өлі болып шыққанын жазған едік. Әйел несие төлеуге барып, өзінің "қайтыс болғанын" білген.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 16 Маусым, 2025 14:26
Талқылау