Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында 113 түлек әкім грантының иегері атанды

Биыл Батыс Қазақстан облысында 113 түлек әкімдік грантын жеңіп алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

грант

Батыс Қазақстан облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтің айтуынша, өңірде білікті мамандар дайындау мақсатында жергілікті бюджет есебінен кадрларды даярлау жұмыстары 2017 жылдан бері жүзеге асуда.

Бұл өңірде білім беру, денсаулық сақтау және ауыл шаруашылығы салаларының мамандары тапшы.

Бөлінген 113 гранттың 56-ы медицина мамандығына, 30-ы мұғалімдікті таңдаған оқушыларға үлестірілді.

Әкімдік тарапынан ұсынылатын гранттар ҰБТ немесе КТ сертификаттарының балдарына сәйкес конкурстық негізде белгіленді.

Нарымбетовтың айтуынша, гранттар Қазақстанның түрлі жоғары оқу орындарына, соның ішінде Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, "Нұр-Мүбарак" Египет ислам мәдениеті университеті, С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетіне беріледі.

“Грант иегерімен үш жақты келісімшарт жасалады. Ол - білім басқармасы, ата-ана немесе түлектің өзі және жоғары оқу орны. Келісімшарт бойынша грант иегерлері диплом алған соң, белгіленген жерде 3 немесе 5 жыл міндетті түрде жұмыс істеп, грантын ақтауы тиіс" – деді ол.

Талқылау