Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Батыс Қазақстан облысында 2 мың шақырымнан астам инженерлік желілерге күрделі жөндеу жұмыстары жасалады

Батыс Қазақстан облысында энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы 2023 жылы бекітілген инвестициялардың жалпы көлемі – 11,7 миллиард теңгені құрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Батыс Қазақстан облысының әкімдігі аталған қаражатқа 2 мың шақырымнан астам инженерлік желілерге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын қарастырған. 

“Биыл Орал қаласының жылу электр орталығын жаңғырту мақсатында турбоагрегат пен градирняны қайта құру бойынша 4,8 млрд. теңгеге екі жоба жүзеге асырылуда. Турбоагрегатты іске қосу нәтижесінде өндірілетін электр энергиясы 46 МВт-тан 58 МВт-қа ұлғаятын болады. Ал градирняны іске қосқан жағдайда, Жайық өзенінен алынатын техникалық судың көлемі 10 миллионнан 6 млнға азайтылып, жылу-алмасу суларын Жайық өзеніне кері жіберуді тоқтатамыз”, – дейді әкімдіктен. 

Сонымен бірге су жылу желілерін жаңарту және облыс орталығында жаңа қазандық салу сияқты жұмыстар іске асырылады.

“Облыстағы электр желілерінің тозуы 82%-дан асады. Тозуды 82%-дан 62%-ға дейін төмендету үшін облыстың 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспары аясында 20 млрдқа жуық қаражатқа электр желілерін жаңғырту жұмыстары (2 мың шақырым электр желілерін ауыстыру) қарастырылған. Аталған қаражатты республикалық бюджеттен бөліп, жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін Энергетика министрлігімен бірлесіп "Электр энергетика туралы" заңына өзгеріс енгізу жұмыстары жүргізілуде”, – делінген мәліметте. 

Ал 2023 жылы республикалық бюджеттен ұзындығы 138 шақырым "110 кВ - әуе желілерін қайта құру" жобасын іске асыруға 1,9 млрд. теңге бөлінген. 

“Биыл 11 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттамалар жасақталатын болады. Бұл жұмыстар облыстың 12 ауданындағы 81 елді мекендерінде және Орал қаласының электрмен жабдықтау қызметтерінің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Сумен жабдықтау және су бұру желілерін қайта жаңғыртуға келетін болсақ, Орал қаласында 3 кәріз-сорғы станцияларын (КНС-2, 3, 21) қайта жаңғырту, Орал қаласының жерасты су қойнауында су алғыш ұңғымаларын бұрғылау жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл жұмыстар өз кезегінде инженерлік желілердегі апаттық жағдайларды азайтып, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді”, – дейді әкімдіктен. 

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 29 Маусым, 2023 13:06