Басты мақсат – адам құқығы мен бостандығын мүлтіксіз қорғау

Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы ел тарихындағы аса маңызды кезеңнің бастауы болып отыр. Себебі, бұл құжат мемлекеттің егемендігін нығайтуға, саяси жүйені жаңғыртуға, қоғамдық дамудың жаңа моделін қалыптастыруға бағытталған.
Осыған орай, жаңа Конституция жобасы қазіргі таңда ел ішінде кеңінен талқыланып жатыр. Әсіресе, құжатта саяси жүйені жаңғырту, парламенттік реформаны күшейту, адам құқықтарын қорғау сынды мәселелерге айрықша мән берілгенін айрықша бағалап жатыр.
Бұл ретте, заңгерлер тұрғын үй саясатына қатысты енгізілген өзгерістер, бұл бойынша адам құқығын конституциялық деңгейде күшейту жөнінде өз ой-пікірлерімен бөлісуде. Мәселен, қолданыстағы Конституцияда сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді деген ереже бар. Енді тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға да сот шешімінсіз рұқсат етілмеуі қажет деген ереже қолданылады.
Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институтының ғылыми қызметкері, құқық магистрі Дархан Төкеевтің пікірінше, бұл – бүгінгі таңдағы өте өзекті мәселелердің бірі.
"Егер, жаңа Конституция жобасына нақты тоқталар болсақ, оның преамбуласында маңызды мәселелер көрсетілген. Олардың дені азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз қорғалуы мен сақталуына негізделген. Конституцияның 28-бабында тұрғын үйге қол сұғуға болмайтыны айқындалған. Соған сәйкес, енді тұрғын үйден айыру, оған басып кіру, қарап-тексеру, тінту тек заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен ғана жүзеге асырылуы тиіс. Яғни, жаңа Ата Заң жобасы қолдау тапса, соттың шешімінсіз ешкімді тұрғын үйден күштеп, яғни мәжбүрлеп шығаруға жол берілмейді", – дейді Дархан Шүкірбайұлы.
Оның сөзінше, алдағы уақытта бұл мәселе заң аясында бекітіліп, оған қатысты тетіктерді жүзеге асыруға баса мән берілуі қажет.
Сондай-ақ, Дархан Төкеев адамның құқықтары мен бостандықтары қорғалып, оның капиталына айрықша мән берілуі қажеттігіне тоқталды.
"Бұл ретте, екі тарап – жалға беруші мен жалға алушының арасындағы қарым-қатынас ең алдымен жеке тұлғаның, отбасы мүшелерінің құқықтарын қорғауға тікелей бағытталуы қажет. Демек, бұл мәселені негізгі құжатта бекіту оның заңдық тұрғыдағы тұрақтылығын қамтамасыз етеді", – дейді Заңнама және құқықтық ақпарат институтының ғылыми қызметкері
Бұған қоса, ол жаңа Конституция жобасында білім және ғылым құндылықтарын бекіту мәселесіне айрықша мән берілгенін атап өтті. Дархан Төкеевтің айтуынша, олар заңдық тұрғыда бекітіліп қана қоймай, әрі қарай тиісті деңгейде жүзеге асырылуы, заң нормаларында айқын көрініс табуы тиіс.
Сондай-ақ Дархан Шүкірбайұлы жаңа Конституция жобасында заң мен тәртіп, ынтымақ пен бірлік, этносаралық, конфессияаралық келісімдер сынды нақты қағидаттардың айқындалғанын жеткізді.
"Мұндай қағидаттар ең бастапқы орында тұруы қажет. Себебі олар мемлекетіміздің тұрақтылығына ықпал етеді, сәйкесінше, елдің тиісті деңгейде дамуына, дұрыс бағытта ілгерілеуіне өз әсерін тигізеді", – дейді заңгер.
Өз сөзінде Дархан Төкеев жаңа Конституция жобасында айқындалған шетелдік қаржыландырудың бақылануына қатысты да өз ойын білдірді.
"Жаңа Конституция жобасының 6-бабының 5-тармағында "Коммерциялық емес ұйымның шет мемлекеттен, халықаралық және шетелдік заңды тұлғадан, шетел азаматы мен азаматтығы жоқ адамнан алынатын ақша қаражатының қозғалысы және активтері туралы ақпарат Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес ашық және қолжетімді болуға тиіс" деп көрсетілген. Бұдан нені байқауға болады? Бұған дейін конституциялық деңгейде мұндай норма, ашықтық, жариялылық қағидаты қарастырылмаған. Ол енді ең алдымен, мемлекеттің, халықтың мүддесі үшін жүзеге асырылатын болады. Яғни, шетелдік қаржыландыруды бақылаудағы басты мақсат – ол ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ашықтықты айқындау. Сондықтан мұны мемлекет үшін маңызды, қажетті заңдық норма деп есептеймін", – деді ғылыми қызметкер.
"8 наурызды тойламаймын": Қазақстандық әйелдер атаулы мерекеден не үшін бас тартқандарын айтты