Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басты демеушіміз": Ерке Есмаханның ағасы күйеу баласының құпиясын ашты

Ерке Есмахан мен Раймның жасырын жақсылығы ашылдыФото: https://www.instagram.com/erke_esmahan

Танымал әнші Ерке Есмаханның ағасы, танымал теолог Бауыржан Есмахан Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында қарындасы мен күйеу баласының қайырымдылыққа көзқарасы туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның сөзінше, жұлдызды жұп мешіттің бас демеушілерінің бірі, алайда олар бұл әрекетін құпия қалдыруды сұрайды.

“Мен жұмыс істейтін мешіттің негізгі демеушілері RaiM мен Ерке Есмахан. Оларға алла разы болсын. Хадистердің бірінде “Оң қолыңның бергенін, сол қолың білмесін” деп айтылады, яғни дүйім жұртқа жариялап айтпаған жөн. Олардың да жұрт білмесін деген шарты болды. Негізі мұндай адам көп “бір жыртықты жамап берейін, мына салаға көмектесейін, бірақ мен екенімді айтпай-ақ қойыңдар” дейді. Өйткені мұның қайтарамын адамнан емес, алладан күтемін дейді. Олардың біз білмейтін де қайырымдылықтары бар”, – деді ол.

Ерке Есмаханның өзі бұл жайтқа қатысты әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді. Өнер иесі жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытып жүрген ағасына алғыс айтты.

“Бірде түнге қарай, біз ұйқыға дайындалып жатқанда, домофон шырылдады. Күйеуім үйде жоқ еді. Көмекшілерім есікті ашса, ағам Бауыржан…Қорқып кеттім. Түнгі қоңыраулар, үйге келу жайдан-жай емес қой. Бәрі жақсы болса екен дедім. Бауыржанның қолында – гүл. Шәй қойып. Сөйтіп екеуміз шәй іштік. Шәй үстінде Айнұр Асанбердімен өткен подкасттан келе жатқанын айтты. Ол түсірілім жайында мен білмеппін. Ағам: “Подкастта RaiM екеуің туралы айттым. Ертең шыққанда ренжіп қалмасын деп, ескертуге келдім” – деді. Сол подкаст шығыпты. Көбі көріп қойған сияқты. Көрмегендер болса, тыңдап қойыңыздар! Осылай құпия әрекетіміз жария боп кеткені үшін Бауыржан ағам маған гүл әкеліп, күйеу баласын ескерткісі келген әрекеті екен. Жақсының жақсылығын айтып, нұрын тасытып жүрген ағама Алла разы болсын! Ойдан құралатын өсектер оқымай, ағамның парақшасына жазылып, ғибратты әңгіме тыңдап, рухани байып жүріңіздер. Бауырларыңыз сіздің де жақсылықтарыңызбен мақтанып отыратын күн көп болсын”, – деп жазды ол.

Ерке Есмахан мен Раймның жасырын жақсылығы ашылды

Айта кетейік, бұған дейін Ерке Есмахан күйеуін қалай қаратып алғанын жасырмағаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сәрсенбі, 17 Желтоқсан, 2025 16:16