Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Онда сенің атқаның туралы ақпарат жоқ қой" дейді: Шерзат Полаттың адвокаты сотта таңғалдырған деректерге тоқталды

Фото: Видеодан скрин

Шерзат Полаттың қазасы бойынша сотта жәбірленуші тараптың адвокаты Бағдагүл Әжіғалиева прокурорлар зерттеген айғақтарға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Гиперборей YouTube-арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Жәбірленуші тараптың адвокаты жасырын тергеу әрекеттерінің жазбасына қатысты пікір білдірді.

"29 мамыр күні, мемлекеттік айыптаушылар зерттеген айғақтарын жариялаған соң, зерттеу кезеңін жәбірленуші тарап бастады. Біз мемлекеттік айыптаушылар жарияламаған дәлелдерге көбірек назар аудардық. Солардың бірі сот рұқсат берген жасырын тергеу әрекеттерінің жазбасы болған. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – камерадағы сотталушылар арасында болған әңгіменің жазбасы, яғни ресми айғақ. Іс материалдарында осы жазбаның стенограммасы бар. Мен оны сот кезінде төрағаның рұқсатымен жарияладым”, – дейді адвокат.

Адвокат ол жазбада басты сотталушы Шынасыл Абзал мен Нұрқияс Ілиясовтың әңгімесі болғанын жеткізді.

“Мені олардың диалогындағы бір жайт қызықтырды. Онда Абзал Нұрқиясқа "Онда сенің атқаның туралы ақпарат жоқ қой!" дейді. Ал Нұрқияс "Мүмкін ұмытып кеткен шығар, сен айтпа" деген. Сол себепті мен әңгіменің қандай ату туралы болғанын, кім атқанын және неге ешкімге айтпа деп айтқандарын анықтауым керек болды. Мен бұл жайттың біз қарастырып жатқан қылмысқа қатысы бар ма, жоқ па, білмедім. Ендігі жазба жоқ болғандықтан, сотталушылар да бұл диалогты жоққа шығарып отыр. Сол үшін мен дисктің өзін тыңдау туралы өтініш бердім. Нақты өзім аталған видеоны көрмедім, тек стенограммамен таныстым. Сотта прокурорлар неліктен оны жарияламағанын түсінбедім. Бәлкім білмеген я көрмеген болар, бәлкім іс материалдарымен танысып үлгермеген болар", – дейді адвокат.

Бағдагүл Әжіғалиеваның айтуынша, дәлел болатын материал, яғни видео жазылған диск сотқа дейінгі кезеңде зақымдалған болып шықты.

“Іс процесінде сотталушылар материалдың жоғын білгендей, видеоның өзін көрсетуді сұраған. Әсерінен жазба айғақ ретінде қабылданбаған. Сонымен қатар сот айыптаушы тараптан дисктің қайда екенін сұрағанда прокурор Ержан Құрақбаев парақтар арасынан іздеп, бір кезде дисктің зақымдалғанын хабарлады. Мен дисктің жоқтығын тергеу ісінің кемшілігі ретінде айттым. Дана Сәрсенбай диск жоғалуы халық арасында провокациялық ақпараттар тарауына әсер еткенін, алайда диск жоғалған жоқ, істен алынып тасталғанын мәлімдеді. Бұл маған түсініксіз әрі қызық көрінді. Себебі ол берген ақпарат диск зақымдалған деген әріптесіне қарама-қайшы келіп тұр. Менің ойымша, диск сотқа дейінгі кезеңде зақымдалды. Егер ойым рас болса, неліктен осы уақытқа дейін материалдың қайта қалпына келтірілмегенін білмеймін", – дейді Бағдагүл Әжіғалиева.

Бағдагүл Әжіғалиеваның айтуынша, сотқа дейінгі тергеу барысында бұл диск жоқ екені анықталған.

"Бұл дискіге жазба басқа ақпарат тасымалдағыштан, яғни негізгі ақпарат көзінен жасалған. Егер диск бүлінсе, неге сол бастапқы ақпарат тасымалдағыштан басқа бір дискіге көшіріп жазуға болмайды? Мені таңғалдыратыны – сотқа дейінгі тергеу барысында бұл диск жоқ екені анықталған. Бірақ соған қарамастан айыпталушылар "дискті беріңіздер" деп сұрағанда, тергеушілер оның жоқ екенін айтады. Сонда, бұл дыбыс жазбасы тергеу мен зерттеу хаттамасында жоқ болса, неліктен сол жасырын тергеу әрекеттерінің хаттамасынан бұл стенограмманың дәл осы үзіндісі мүлде алып тасталмаған? Егер ол үзінді хаттамада болмағанда, мен де оны жарияламас едім. Ешкім ол әңгіменің бар екенін білмейтін де еді. Осы жерде мені таңғалдырғаны тергеу органдары бұл жазбаның жоқ екенін біле тұра, неге басқа диск қоспады, неге бұл дискті мүлде алып тастамады?", – дейді адвокат.

Адвокаттың айтуынша, судья Ержан Жанұзақов та бұл жағдайға бейжай қараған.

“Құжаттың түбіртегі жоғалып кеткен немесе тәркіленген. Жоғарғы бөлігі ғана қалған, яғни "қабырғада ілулі тұрғандай" көрініп тұр. Мені тағы да таңғалдырғаны – судьяның бұл жағдайға мүлде бейжай қарағаны. Меніңше, бұл – айқын заңбұзушылық. Мен, шын мәнінде таңғалдым. Судья ешқандай қаулы да шығармады, тергеу тағайындаған да жоқ”, – дейді адвокат.

Адвокат сотта көрсетілген көлік ішіндегі әңгіме басты дәлел болғанын жеткізді. Ол жерде куәгер қыздардың шок күйінде болмағаны анық көрсетілгенін айтты.

“Іс материалдарымен танысып жатқан кезде, бұл жайлы әріптестеріме де айттым. Сот процесінен кейін сөйлесіп отырғанда мен оларға: “Сендер мүлде білмейтін шығарсыңдар, мынадай бір стенограмма бар. Видеорегистратордан қалпына келтірілген жазба” деп көрсеттім. Содан кейін оны бірге қарап шықтық. Осыдан кейін әріптесім Мейірман Шекеев қалпына келтірілген жазбасы бар дискіні алып, ондағы бейәдеп сөздерді алып тастап, судьяға көрсету үшін ұсынды. Меніңше, бұл – өте маңызды дәлел болды. Өйткені онда куәгер болған қыздардың ешқандай шок күйінде болмағаны анық көрінеді. Олар жай ғана сөйлесіп, күліп, болған жағдайды талқылап отырған. Тіпті телефонмен сөйлескендері де көрінеді. Бұл – маңызды, өйткені сотта олар неге полицияға хабар бермегені туралы сұраққа “Бізде телефон да, сөмке де болмады” деп жауап берген. Ал іс жүзінде олар сабырлы күйде телефонмен сөйлесіп отырған”, – дейді адвокат. 

Адвокат осы дәлел сот отырысында көп көмектескенін жеткізді. 

"Бұл жазба бізге көп көмектесті. Ол куәгерлердің де, сотталушылардың да уәждерін теріске шығарды. Өйткені олар да оқиға туралы айтып, Шерзаттың анасын оқиға орнында көрдік деген. Алайда көрсетулерінде олардың бәрі оны көрмегенін айтқан. Сондықтан бұл дәлел өте маңызды рөл атқарды”, – дейді адвокат.

Сондай-ақ Ажығалиева прокурорлардың жедел-тергеу тобының өкілдерімен де, істі сотқа жолдаған прокуратурадағы тергеу басқармасының өкілдерімен де байланыста болғанын жеткізді.

Еске салайық, 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Жергілікті билік отбасына уақытша баспана мен тәулік бойы күзет берді. Сондай-ақ әкімдік үйді қалпына келтіруге уәде берді.

Оқиғаларды тергеу кезінде ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Аленов пен Алматы облысының прокуроры Берік Адамов 12 қазанда кінәлілерді анықтау бойынша шаралар туралы мәлімдеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау үшін Талғарға Ұлттық ұлан күштері жұмылдырылды.

9 желтоқсанда Талғардың шетінде Шерзат Полаттың жанында болып, қақтығыс кезінде қаза тапқан жасөспірімнің әкесінің жанында жүрген оның ағасының денесі табылғаны белгілі болды. Полиция мәліметінше, ер адам өзіне қол жұмсаған.

5 маусымда Талдықорғандағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ержан Жанұзақов жасөспірім Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған 9 сотталушыға үкім шығарған. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 11 Маусым, 2025 18:45
Талқылау