Павлодар колониясы басшысының орынбасары билігін асыра пайдаланғаны үшін ұсталды
Желіде Павлодар облысындағы колония басшысының орынбасары қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат пайда болды. Осы жағдайға қылмыстық-атқару жүйесі комитеті түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Telegram-арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, Павлодар облысындағы колония басшысының орынбасары майор Айдар Айдархановтың әрекеттері ауыр зардаптарға әкелген. Қазір қызметкер қамауда отыр. Бұл қызметкер өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін бап бойынша ұсталған. Сонымен қатар режимдік бөлімнің басшысы Мейірман Қажмұратов та ұсталғаны айтылған.
"Аталған факті бойынша құзырлы органдар қылмыстық іс қозғады. Мекеме мен ҚАЖ департаментінің бірқатар қызметкерлері жауапқа тартылды. Мекеме басшысы қызметінен босатылды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті заңсыз әрекеттерге қатысты қатаң ұстанымда екенін мәлімдейді. Тергеуге жан-жақты қолдау көрсетіліп жатыр, – деп хабарлады қылмыстық-атқару жүйесі комитеті.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында арнайы прокурорлар мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері №14 түзеу мекемесі басшысының орынбасарын ұстағанын жазған едік.