Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Басшылық жайбарақат отыра берген: Абай облысында көз жұмған орманшылардың жақындары тың деректермен бөлісті

Абай облысындағы алапат өрттен көз жұмған бір азамат жер қойнына тапсырылды. Семей жұртшылығы 19 жыл бойы орман шаруашылығында қызмет еткен Саят Нұржігітовті соңғы сапарға шығарып салды. Ал қалған марқұмдардың мәйіті тиісті сараптамадан кейін ғана жерленеді. Алапат өртпен күрес кезінде бірнеше отбасының екі мүшесі өмірін қиса, енді бірі жалғыз баспанасы мен дүние-мүлкінен айырылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

орманшылар

Марқұм Саят Нұржігітов Успенка орманшылығының инспекторы болған. Бұл салада 19 жыл жұмыс істеген азамат 51 жасында қызметтік міндетін орындару барысында көз жұмды. Оның денесі 12 маусымда жер қойнына тапсырылды. 

“Осы жұмыстан оның қолы тимейтін. Ауылға да бармайды. Айына бір рет маған келіп тұратын. Бұлдан көп босатпайтын, босай алмайтын. Өртеніп кеткен жоқ, иіс тиіп қалған сияқты. Өрттің ішінен шыға алмаған секілді”, – деді Саят Нұржігітовтың әкесі Нұрдан Нұржігітов.

Алапат өрт кезінде Успенка орманшылығының басшысы болған Мейрамгүл Жиенбаева да өзінің әріптестерімен бірге опат болды. Қызметтестері оның өрт тұтанған сәттен бастап дабыл қаққанын, бірақ жанайқайын жоғарғы жақтан еститін бір де бір жан табылмағанын айтады. Сөздерінше, филиал басшылығы қызыл жалын ауылдарға жақындағанға дейін жайбарақат отырған. Ал от қатты лаулап, қауіп күшейген кезде 14 орманшыны жарты жолға жетпей бұзыла беретін техникамен өрт сөндіруге жіберген дейді.  

“Өз беттерімен бірінің артына бірі тығылып, кабинеттерінде жүріп күні бойы түк те істеген жоқ. Содан кейін қайтыс болған Мейрамгүл қоңырау шалып, “7 шақырым қалды, 2 шақырым қалды” деп оттың таяп қалғанын айтты. Қайтыс болған Серікжан да бастыққа жүгіріп барған, бірақ олар “Мен не істеймін” деді”, – деп ашынады Успенка ауылының тұрғыны.

Қызыл жалынның астында өмірін қиғандардың ең үлкені 64 жаста, ең жасы 25-тен енді асқан. Өртпен күрес кезінде көз жұмған Серік Тоқтасын үйінің жалғыз баласы болған екен. Жақындарының айтуынша, жігіт әлі үйленіп те үлгермепті. Ал кейбірінің артында егіле жылаған әйелі мен зар илеген ата-анасы, балалары қалған. 

Ал үйлері күлге айналған тұрғындар қызыл жалын әуелі қарағайлы орманды тып-типыл етіп, Успенка ауылына лезде жетті деп отыр. Үйлерге қауіп төнген соң мұндағы жұрт құжаттарын қолдарына алып, басы ауған жаққа қашқан. Солардың қатарында Самалбек Төлендин де бар. Азаматтың жалғыз баспанасы бүкіл дүние-мүлкімен жанып кеткен.

“Құжаттарыңды ал да қаш дейді. Сасқалақтап құжаттарға жүгіргенім сол. Жалғыз өзім техникаларды шығара беріппін. Бәрін дөңге қарай шығара бердім. Оларды шығарғанша от 20 минуттың ішінде бізге келіп қалды”, – деді Успенка ауылының тұрғыны Самалбек Төлендин. 

Ал мемлекет басшысы қызмет барысында қайтыс болған орманшыларды "Құрмет" орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойды. Сондай-ақ, өрттен зардап шеккен отбасылардың балларына 10 білім гранты бөлінеді. Несиелері кешіріліп, жәрдемақы тағайындалады.

Талқылау