Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басшылық қудалап отыр": Басы дауға іліккен Шымкент полиция департаментінің қызметкері жазба жариялап, өзіне қол салмақ болған

Шымкент қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Мөлдір Бекеева өзіне қатысты даудан кейін суицид жасамақ болды. Ақпаратты Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы растады, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

Ведомство өкілі өзіне қол салмас бұрын Facebook желісінде жазба жариялаған. Онда жазба авторы басшылықтан қысым көргенін және өзінің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын айтады.  

"Мен қарапайым педагогтер әулетінен шыққан қызбын. Департаменттен ұсыныс түскен кезде, өзім заң бағытындағы бағдарламаларды жүргізіп жүрген соң, ұсынысты бірден қабылдадым. Әрмен қарай өзімді мемлекеттік қызметте де сынап көргім келді. Елге қызмет ету –  соншалықты жауапты әрі ауыр болатынын бірі  білсе, бірі біле бермейді. Ал менің жүктелген жұмысты тыңғылықты, адал атқаруым – осындай қудалаудың "құрбанына" айналдырады деп те ойламадым... Соңғы 2 айдың ішінде қу биліктің құлқыны мен қызметтен қуу үшін маған қандай қысым көрсетілмеді?! Бірақ жаңа келген басшылық қызмет орным үшін соншалықты қастандыққа, қиянатқа барады деп ойламадым”, – деп жазды ол. 

Өз жазбасында Мөлдір Бекеева ПД жаңа басшылығын айыптап, мұндай қадамға баруына мәжбүр еткенін жеткізді. 

“Мен өз еркімммен емес, мәжбүрлі түрде кеттім. Бұлар адамды жұмыстан кетіру үшін неше түрлі қитұрқы айла-амалдарды табады екен ғой. Бүгін соған көзім жетті”, – деп жазды ол.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының оның жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілгенін растады. Алайда қазіргі науқастың жағдайы жайлы басқа да ақпарат беруден бас тартты. 

Айта кетсек, бұған дейін желіде аудиожазба таралған еді. Жазбаға сүйенсек, балағат сөздер айтқан адам Шымкент ПД ресми өкілі Мөлдір Бекеева деп көрсетілген. Дегенмен ведомство өкілі мұның шындыққа жанаспайтынын жариялаған. 

 

Талқылау