Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Басшыларына қылмыстық іс қозғалған": Қазақстандағы жалғыз авиациялық кәсіпорын жабылмақ

Алматыдағы кәсіпорын жұмысын тоқтатқан

Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда жалғыз авиациялық техникалық орталық жабылуы мүмкін. Ұшақтарға қызмет көрсететін кәсіпорынның жұмысы бір жылдан аса уақыттан бері тоқтап тұр. Осы уақыт ішінде сала миллиардтаған ақша мен жоғары білікті мамандарын жоғалтқан. Олардың біразы ақша табу үшін шетелге кетіпті. Депутаттар енді кәсіпорынды сақтап қалуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Отставкадағы полковник Мәжит Исабаев отандық авиация саласында 30 жыл қызмет еткен соң, ұшақтарға қызмет көрсететін кәсіпорынға жұмысқа орналасқан. Оның айтуынша, бір жылдан астам уақыттан бері кәсіпорын өз жұмысын тоқтатқан. Өндіріс зауыттың бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық іс қозғалған соң істен шығып, есепшоттар бұғатталыпты.

"Кей қызметкерлер бос жұмыс режиміне ауыстырылды, ал кейбіреулері мүлде жұмыстан шығып кетті. Бізде 180-ге жуық қызметкер болған еді. Қазір кәсіпорында 30 адам бар. Көптеген адамдар дағдарыс жағдайына байланысты жұмысын тастап кетті. Біздің кәсіпорын 2024 жылдың 8 ақпанынан бері тоқтап тұр", – деді Исабаев.



Кәсіпорынның ангарларында бос тұрған ұшақтардың арасында Су-25 жойғыштары да бар. Қазір олар әскери мұражайдың экспонаттарына айналған. Мұнда ұшақтар мен тікұшақтарға техникалық қызмет көрсетуден бөлек, ұшқышсыз ұшатын аппараттар құрастырылады.

Депутаттар тергеу барысына араласа алмаса да, кәсіпорынға көмек көрсетеміз дейді.

Павел Казанцев, парламент мәжілісінің депутаты:

"Түк түсініксіз жағдай. Бұл бірегей кәсіпорын. Ол елдің Әуе қорғаныс күштерінің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ете алады. Қазір кәсіпорында әскери-көлік ұшақтары босқа тұр. Өйткені ел ішінде бейберекет жағдай қалыптасқан. Соның салдарынан біз өзіміздің әскери қажеттіліктерімізді өтеу үшін сырттан келетін "бөтен біреуге" ақша төлеуге мәжбүрміз", – деді депутат Павел Казанцев. 

Депутаттар стратегиялық маңызы бар мәселені ұзақ уақытқа қалдырмай, жақын арада шешуге уәде берді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда ата-аналар футбол академиясының жабылуы мүмкін екенін айтып бас көтергені туралы жазған едік.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 02 Шілде, 2025 10:33
Талқылау