Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Баспаналы болған ақтөбелік тұрғындар асфальт пен балалар алаңына жарымай отыр

Ақтөбедегі “Миллениум” тұрғын үй кешенінің тұрғындары құрылысты түгел аяқтамай, жауапсыздық танытқан құрылыс компаниясының әрекетіне наразы. Айтуынша, тұрғын үй эксплуатацияға берілген, алайда жоба толық аяқталмады. Оның үстіне адамдар асфальт, балалар алаңы секілді қарапайым дүниелерге жете алмай отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Жоба бойынша мұнда бес қабатты үш тұрғын үй салынуы керек еді. Жауапты компания біріншісін мерзімінде аяқтағанымен, қалған екі үйдің құрылысы ұзаққа созылды. Осылайша, екінші тұрғын үйдің құрылысы үлкен жанжалмен осыдан үш жыл бұрын аяқталды. Үй түгелдей эксплутацияға берілді, алайда компания аумақты абаттандыру жұмыстарын сол күйі аяқтамаған.

“Жертөле құйылу керек еді. Мұнда балалар алаңы, воллейбол ойнайтын алаң болуы керек еді. Әже-апаларымыз кешке қарай таза ауада серуендей алмайды. Аулада орындықтар жоқ. Балалардың ойнайтын алаңы жоқ. Бір-біріне тас лақтырып ойнайды”, – дейді тұрғындардың бірі Әсел Құлмұханбетова.

Жауапты компания тұрғын үйге су, жарық пен газдың өзін әрең кіргізген. Бірақ энергетиктер тұрғын үйді әлі де балансқа алмаған. Тұрғындарға электр жарығын тұтынғаны үшін төлем қағазы да келмейді. Жаңбыррдан кейін жертөлеге жауын суы толып қалатын көрінеді. Адамдар мұны іргетастың жарылуынан дейді.

“Үй таулы жерде орналасқан. Олар жерді қазып, іргетасын құйды. Жер деңгейімен салыстырғанда үйдің іргетасы төмен. Жертөленің іші құйылмаған. Тұтастырғыш жоқ, ештеңе жоқ. Таудан аққан су жертөлеге жиналады. Үйдің іргетасы  жарылды. Алайда тұрғын үйдің салынғанына тек бірнеше жыл болды”, – дейді Болат Қалмағанбетов.

Жергілікті тұрғындар наразылығын жеткізу үшін компания директорымен кездесті. Алайда бұл кездесуге көңілі толмағанын білдірген компания басшысы ұзақ әңгімеден кейін асфальт төсеуге уәде етті. 

“Тұрғындар мен журналистер жұмысқа кедергі келтіреді. Қажет жұмыстарды осы жылы бітіреміз. Асфальтке ақша бөлінді. Осылайша компанияның абыройына нұқсан келтіріп жатырсыңдар. Мақсатты түрде компанияның жұмысын тоқтатқыларың келе ме? Мен солай ойлаймын. Үнемі БАҚ өкілдері келеді. Осылайша антиреклама жасайсыңдар. Кімнің қыр соңымнан қалмай жүргенін белмеймін”, – дейді ашынған компания басшысы.

Талқылау