Қазақстандықтар зейнетақының бір бөлігін алар кезде салық төлейді: Жаңа ережелер бекітілді
Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу мақсатында алу кезінде жеке табыс салығын төлеу тәртібі бекітілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Салымшының жеке зейнетақы шотына түскен кезде зейнетақы жарналарына жеке табыс салығы салынбайды. Салық зейнетақы жинақтары төлемін алған кезде салынады.
Біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомаларына салық салу тәртібін айқындау мақсатында Салық кодексі "Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасына сәйкес біржолғы зейнетақы төлемінен жеке табыс салығын есептеу, ұстап қалу және төлеу ерекшеліктері" көрсетілген 351-1-бабымен толықтырылды.
Салық кодексіне сәйкес, БЖЗҚ салық агенті ретінде зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңға сәйкес есептелген біржолғы зейнетақы төлемін алушының және (немесе) уәкілетті оператордың банк шотына аударған кезде ЖТС есептейді. ЖТС біржолғы зейнетақы төлемінің сомасына Салық кодексінің 320-бабында белгіленген мөлшерлемелерді (10%) қолдану арқылы
есептеледі.
БЖЗҚ Салық кодексінің 351-1-бабының 2-тармағына сәйкес салымшы таңдап алған, келесі екі тәсілдің бірі бойынша жеке табыс салығының сомасын ұстап қалуды және мемлекеттік бюджетке аударуды жүргізеді:
1) Салық кодексінің 351-бабында көзделген тәртіппен біржолғы зейнетақы төлемін жүзеге асыру күнінен кешіктірмей, бір-ақ рет;
2) зейнетке шыққан кезде он алты жылдан аспайтын мерзім ішінде ай сайын тең үлестермен (БЖЗҚ белгілеген зейнетақы төлемдері кестесі бойынша).
Салымшының ЖТС төлеу тәсілін таңдау жөніндегі шешімі оның уәкілетті операторға берген өтінішінде көрсетілуге тиіс. Салымшы ЖТС-ты бір-ақ рет ұстап қалу туралы өтініш берген жағдайда БЖЗҚ біржолғы зейнетақы төлемін жүзеге асырған кезде ЖТС-ты біржолғы зейнетақы төлемі сомасынан бірден ұстап қалатын болады.
Мысалы:
- салымшының ЖЗШ-сындағы зейнетақы жинақтарының сомасы = 8 500 000 теңге
- зейнетақы жинақтарының ең аз жеткіліктілік шегі = 3 500 000 теңге
- біржолғы зейнетақы төлеміне қолжетімді сома= 8 500 000 - 3 500 000 = 5 000 000 теңге
- біржолғы зейнетақы төлемі түріндегі есептелген табыс = 5 000 000 теңге
- ұстап қалынатын және бюджетке аударылатын ЖТС сомасы= 5 000 000*10%= 500 000 теңге
- төлем көзінен ұсталған ЖТС шегерілген біржолғы зейнетақы төлемі түріндегі табыс сомасы= 5 000 000 – 500 000 = 4 500 000 теңге.
"2050 жылы 73-ақ мың теңге": Қазақстанда болашақта зейнетақы неліктен орташа көрсеткіштен екі есе төмен болмақ