"Баспана мен көлік алып береміз деп алдаған": Семейде алаяқтар тұрғындарды 1 миллиард теңгеге сан соқтырған

Семей қаласында жүздеген адам зардап шеккен қаржы пирамидасына қатысты іс сотта қаралып жатыр. Қазіргі мәлімет бойынша, жалпы шығын көлемі бір миллиард теңгеден асып кеткен. Іс бойынша 100-ден астам адам жәбірленуші деп танылып, алты адамға айып тағылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Жетінші” арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Зардап шеккендердің бірі алаяқтардың уәдесіне сеніп, отбасының соңғы үмітінен айырылғанын айтады. Ол бірнеше жыл бұрын ұйымдастырушыларға 15 миллион теңге берген. Әйелдің айтуынша, сол қаражатқа өз үйін алуды жоспарлаған. Алайда қазір ол балаларымен бірге жалдамалы пәтерлерде тұрып жүр.
Көпбалалы ана бұл жағдайды әлі күнге дейін түсіне алмайтынын жеткізді.
"Шынымды айтсам, біздің жағдайымызды білетін, менің бес балам бар екенін, олардың ішінде ерекше қажеттілігі бар бала бар екенін білетін адамның осылай жасауы мүмкін деп ойламадым. Біздің ісіміз бойынша сот әлі алға жылжып жатқан жоқ. Әділ шешім болады деп үміттенеміз", – деді әйел.
Қаржы пирамидасына қомақты қаржы салғандардың қатарында көпбалалы әкелер де бар. Солардың бірі шамамен 200 миллион теңгеден айырылғанын айтты.
"Мен “Рахат” ЖШС-не шамамен екі жүз миллион теңге салдым. Алғашында аз-аздан салдық, кейін сеніп, соманы көбейте бастадық. Бірақ біздің сенімімізді пайдаланып кетті. Қазір ақшамызды қайтара алмай отырмыз", – деді әкелердің бірі.
Зардап шеккендердің айтуынша, көпшілігі бұл қаржыға баспана немесе көлік алуды, балалардың болашағын қамтамасыз етуді жоспарлаған. Алайда үміттері ақталмаған. Кейбір адамдар ақшасынан айырылғанын көтере алмай, ауыр күйзеліске түскені де айтылды.
Қазірдің өзінде тек Семей қаласының өзінде қаржы пирамидасынан зардап шеккен 141 адам ресми түрде жәбірленуші ретінде танылған.
Тергеу мәліметінше, төлемдер қаржы пирамидаларына тән классикалық тәсілмен жүргізілген. Яғни, жаңа салымшылардың ақшасы бұрынғыларға төленіп отырған.
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Сәкен Қондыбаев жалпы шығын көлемін атап өтті.
"Жалпы шығын көлемі бір миллиард теңгеден асып отыр. Оның ішінде 200 миллион теңгеден астамы ішінара өтелді. Қазір іс соттың қарауында", – деді Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Сәкен Қондыбаев.
Құқық қорғау органдары қазақстандықтарды қаржы салу туралы ұсыныстарға сақ болуға және мұндай жобаларды мұқият тексеруге шақырады.
- Солтүстік Қазақстан облысында екі соттың экс-төрағалары жемқорлық пен алаяқтық үшін сотталды
-
Қазақстанда алаяқ танымал онлайн ойын арқылы балалардан ақша ұрлаған
Еске салайық, бұған дейін Ақтауда танысына сеніп, телефонын берген тұрғындар 6,5 миллион теңгеден қағылды. Ақтау қалалық сотында Таушық ауылының 24 жастағы тұрғыны алдау жолымен жәбірленушілердің ұялы телефондарына қол жеткізіп, банк қосымшалары мен микроқаржы ұйымдарының сервистері арқылы олардың атына несие рәсімдегенін анықтады. Келтірілген жалпы шығын – 6,5 миллион теңге. Оған Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1 және 4-тармақтары бойынша, яғни бірнеше рет әрі ірі мөлшерде жасалған алаяқтық дерегімен айып тағылған.
"8 наурызды тойламаймын": Қазақстандық әйелдер атаулы мерекеден не үшін бас тартқандарын айтты