Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сирияның экс-президенті Башар Асадтың әйелі ажырасуға арыз беріп, Лондонға оралғысы келеді

Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадтың әйелі Асма Асад ажырасу туралы өтініш берді. Ол Лондонға, өзінің туған қаласына қайтуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі jpost.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Сирия Араб Республикасы президентінің Telegram арнасы

The Jerusalim Post басылымының дерегіне сенсек, Асма Асад Ұлыбританияның азаматы. Алайда Асма Асад бірнеше еуропалық мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың санкцияларына ұшырады. Оған саяхат жасауға тыйым салынып, активтері бұғатталған болуы мүмкін. Бұл өзгерістер Асма Асадқа құқықтық және логистикалық жағынан қиындықтар туғызуы ықтимал.

Оны Башар Асадтың билігі кезіндегі сыбайлас жемқорлыққа айыптап жатыр. Ұлыбританияның Еуропалық Одақтан шығуына қарамастан, Лондон бұл санкцияларды әлі де сақтап отыр.

Қазір Асма Асад Мәскеуде. Түрік телеарнасының дерегінше, ол Ресей билігінен елден шығуға рұқсат сұраған. Бірақ өтініш әлі қарастырылып жатыр.

Айта кетейік, Асма Асад 1975 жылы Ұлыбританияда дүниеге келген, кардиолог Фавваз Ахрастың қызы. Ол Сирияға 2000 жылы тұрмысқа шыққан кезде оралған. Асма Асад алғашында Сирияда әлеуметтік мәселелер мен білім беру саласында белсенді болған. Ол үнемі елдегі реформаларды қолдаушы ретінде танылды. Асма мен Башардың үш баласы бар: Хафез, Зейн және Карим.



Еске салайық, бұған дейін "Хайят Тахрир аш-Шам" содырлар тобы Сирия президенті Башар Асадтың елден кеткенін және Дамаск астанасын басып алғанын мәлімдеді. Дамасктегі көтерілісшілер мемлекеттік телеарна эфирінде жеңіске жеткендерін жариялады. Сириялық содырлар мемлекеттік телеарна мен Дамаск радиосы арқылы эфирге шығып, президент Башар Асад режимін құлатқандарын және саяси тұтқындарды босатқанын хабарлады.

Талқылау