"Бас сүйегі, мұрны ішіне кіріп кеткен": Алматыда полицейлер үйінен алып кеткен азаматты жақындары мәйітханадан тапқан
Алматыда 9 қаңтар күні полиция қызметкерлері үйінен алып кеткен Жасұлан Анафияевтің мәйітін жақындары мәйітханадан тапқан, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Алаңда болғаны үшін қамауға алынған азаматты туыстары 9 күн бойы қаланың түрмелерден іздеген. Тек сенім телефонына хабарласқан соң мәйітханадан тапқан. Азаматынан айырылып, алты баласымен жесір қалған келіншек қазір жалға алып тұратын аядай бөлмесінің жалдау құнын да төлей алмай, қиналып отыр.
"Осындай азамат бар ма десе, ол өліп қалды дейді. Мен оны естіп тұрмын бер жақта. Оны сау қылып алып кетті ғой, аяқ-қолы балғадай", – дейді марқұм Жасұлан Анафияевтің әйелі Гүлзия Омарбаева.
Небәрі 48 жасында қайтыс болған Жасұлан Анафияевтің денесін жақындары мәйітханадан тапқан.
"Жасұланның 5 қаңтар күні шеруге шыққаны рас. Арандатушылардың кесірінен әскерилер жаралана бастағанда, оларды қорғап, ауруханаға жеткізуге жүгіріп, көмектескенін өзі де айтқан еді", – деп мәлімдеді марқұмның әйелі.
"Жедел жәрдемге салып, үлгере алмай жатты. Қай жер жақын, қай аурухана жақын. Даусы қарлығып қалыпты айғайлап сөйлегеннен. Үйге келді, қасымызда болды", – деп қосты Гүлзия Омарбаева.
5 қаңтар күні түсірілген кадрлардан Жасұлан Анафияевтің полиция қызметкерлері өз еркімен жерге тастаған қаруды басқаларға алмаңдар деп тұрғанын көруге болады.
9 қаңтар күні Жасұлан Анафияев өзімен бірге көлік жүргізетін досының үйіне шығып кеткен. Сол жерге арнайы жасақ келіп, оны досымен бірге Ақбұлақ ықшам ауданындағы үйден алып кеткен. Сол күйі Алматының барлық құқық қорғау мекемелерінің ешқайсынан іздеп таба алмаған. Әйелінің сөзінше, мәйітханада түрі адам танымастай болған.
"Хайуанды да олай ұрмайды. Бас сүйегі, мұрны кіріп кеткен. Сүйегі қозғалып кеткен. Қан ұйып қалған. Қабырғалары сынған. Аяғының саусағына дейін бір сау жері жоқ", – дейді Гүлзия Омарбаева.
Күйеуінің мәйітін алған Гүлзия мәйітханадан берген құжатта марқұмның өлімінің себебі панкреатит деп көрсетілгенін айтады. Ал Алматы Полиция департаменті баспасөз қызметінде жедел жәрдем өлім себебін жүрек жетіспеушілігі деп қойғандықтан, сараптама тағайындалды, нәтижесі содан кейін белгілі болатынын мәлімдеген.
Гүлзия алты баласымен қазір шағын бөлмені жалға алып тұрады. Кенже қызы науқас, одан кейінгі баласы небәрі он айлық. Келіншек осы айдағы пәтер құнын да төлей алмай отыр.