Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бас сүйегі мен жағы сынған": Астанада 6 жасар қыз әткеншектен оңбай құлады

6 жасар қыз әткеншектен құлап зардап шекті

Фото: Видеодан скрин

Астанада 6 жасар Медина ауладағы әткеншектен оңбай құлап, төсек тартып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оқыс оқиға 4 тамыз күні елордадағы тұрғын үйлердің бірінің ауласында болды. Әткеншекте тербеліп отырған Медина абайсызда ұшып кетіп, қатты екпінмен жерге құлады.

“Қазір Мединаның жағдайы онша емес. Басы сынған, маңдайынан артына дейін сынған. Жағы сынған, тісі сынған. Үстіңгі тістері босап кеткен. Үстіңгі ерні жыртылып, оны енді тіктірді. Қазір тамақ іше алмайды. Таңнан кешке дейін дәрі алып жатыр”, – дейді қыздың анасы Ақтолқын Қасымова.

Оның айтуынша, қатты зардап шеккен қызы қазір нәр татпайды, тамақ ішуден қалды. Мединамен бірге ауруханада әкесі де жатыр. Алайда бұл — ақылы палата. Ақтолқын Қасымованың айтуынша, мұндай шығынды отбасының қалтасы көтермейді. Өзі декреттік демалыста, ал үйдің жалғыз асыраушысы – жұбайы.

Сондай-ақ Ақтолқын Қасымова мұндай жағдайдың бірінші рет емес екенін атап өтті. Сөзінше, дәл осы әткеншектен бұған дейін де бірнеше бала құлап, түрлі жарақат алған. Өйткені әткеншек тым ескі, ол аздай ортасынан морт сынған. Алайда ата-аналар дабыл қаққанымен, жауапты мекемелер ешқандай шара қабылдамады деп отыр.

“Әткеншектер мен сырғанақтардың бәрі сынып тұр. Баланың қауіпсіздігі үшін төселетін жұмсақ жабындылар да жоқ. Ештеңе қарастырылмаған. Пәтер иелерінің кооперативінен ештеңе жоқ. Мүлік иелерінің бірлестігі мұлдем жұмыс істемейді”, – дейді тұрғындардың бірі Гүлдана Жанғарашева.

Тұрғындардың айтуынша, жауапты мекемелерге бірнеше рет хабарласып, жөндеу жұмыстарын жасауды өтінген. Алайда еш өзгеріс болмады, қауіпті әткеншектің өзі бүгін ғана қоршалды деп отыр.

Айым Болатқызы
Жұма, 08 Тамыз, 2025 08:29
Талқылау
`