Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бас санитарлық дәрігер оқушылар қандай жағдайда қашықтан оқуға көшетінін айтты

оқушыФото:depositphotos.com

Қазақстанның бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова еліміздің мектептеріндегі тұмау мен жедел респираторлық вирустық инфекция бойынша қазіргі жағдай және қандай жағдайда оқу орындары онлайн форматқа ауысуы мүмкін екені туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Астанада өткен баспасөз мәслихатында Бейсенова санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті республика бойынша 2 794 мектепте тұмау мен ЖРВИ бойынша мониторинг жүргізгенін мәлімдеді.

"Республика бойынша сыныптарда аурушаңдық 30 пайыздан асқан мектеп жоқ. Кей жерлерде аурушаңдық 10 пайызға дейін тіркелген", - деді Бейсенова.

Оның айтуынша, егер бір сыныпта аурушаңдық деңгейі 30 пайыздан асса, онда сол сыныпты қашықтан оқыту форматына көшіру туралы шешім қабылданады.

Бейсенова сонымен қатар ел мектептерінде аурудың жаппай таралуына байланысты кей сыныптарда бар болғаны 5-6 оқушы ғана сабаққа қатысып жүр деген қауесетті жоққа шығарды.

"Егер мұндай жағдай нақты бір мектепте немесе өңірде тіркелген болса, бізге хабарласыңыздар. Бұл мәселе шешіледі. Қазіргі таңда мониторинг нәтижелері бойынша 30 пайыздан жоғары сырқаттанушылық анықталған сынып жоқ", - деді ол.

Журналистер Бейсеновадан мұрыннан су ағу, жөтел сияқты белгілері бар, бірақ дене қызуы жоқ балаларды мектепке кіргізбеу шаралары қарастырылған ба деп сұрады.

"Эпидемиялық маусым кезінде балабақшалар мен мектептерде тиісті алдын алу шаралары міндетті түрде жүргізілуі тиіс. Балабақшаларда ауру белгілері бар балаларды қабылдауға болмайды. Дәл осындай жұмыс мектептерде де жүргізілуі қажет", - деп түсіндірді Бейсенова.

Бас санитариялық дәрігер тәрбиешілер мен балабақша әкімшілігіне балалардың денсаулығын мұқият бақылап отыруды ұсынды.

"Егер бір бала ауырса, инфекция тез таралып, аз уақыт ішінде 10 бала ауырып қалуы мүмкін. Барлық ұсынымдарды сақтаған жағдайда, аурудың таралу қарқыны бәсеңдейді", - деді ол.

Айтуынша, Қазақстанда тұмау бойынша эпидемиологиялық маусым қазаннан сәуір айына дейін жалғасады.

Ауру жұқтыру қаупін азайту үшін тұмауға қарсы вакцина алу, көпшілік орындарда маска тағу, жеке гигиенаны сақтау және бөлмелерді жүйелі түрде желдетіп отыру ұсынылады.

Бұған дейін өткен баспасөз мәслихатында бас санитариялық дәрігер 2025 жылы 20 мыңнан астам қазақстандықтың вакцина алудан ресми түрде бас тартқанын мәлімдеген болатын.

 

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 13 Қараша, 2025 11:49
Талқылау