Бас Прокурордың есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі жұмысты күшейту туралы тапсырмасынан кейін Қарағандыда жұмыс тобы құрылды
Бас Прокурордың есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі жұмысты күшейту туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында Қарағанды облысының прокуратурасы ведомствоаралық жұмыс тобын құрды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Топ құрамына прокуратураның, жергілікті атқарушы, сондай-ақ қылмыстық қудалау органдарының басшылары кіреді.
Жұмыс тобының бірінші отырысы өткізілді, негізгі мақсаттар мен міндеттер айқындалды.
“Есірткі жарнамасын және жабайы қарасораны жою, есірткінің зияны туралы түсіндіру шаралары жүргізілуде. Көбінесе есірткіні тұтынушылар - жастар, бұл біздің қоғамның денсаулығына кері әсерін тигізеді. Ата-аналардан балаларына мұқият болуды сұраймыз, себебі кәмелетке толмағандар арасынан есірткіні қолдану және сату жағдайлары жиеледі. Тұрғындардан есірткіні пайдалану, тасымалдау, өткізу, сондай-ақ жарнамалау туралы барлық фактілерді құқық қорғау органдарына хабарлауды сұраймыз”, – делінген хабарламада.
Қарағанды облысында жыл басынан бері есірткі заттары мен құралдарын жарнамалау, сату бойынша 78 интернет-ресурс бұғатталды. Әсіресе әлеуметтік желі арқылы жастарды нашақорлыққа, есірткі саудасына тарту белең алып барады. Мысалы, өткен жылы кәмелет жасқа толмаған 6 баланының осындай қылмысқа қатысы анықталса, биыл алғашқы тоқсанның өзінде 3 дерек тіркелген. Сол себепті полиция профилактикалық шараларды күшейтті. Өңірдегі мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында 200-ден астам алдын алу, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Егер оқу орындарында есірткі саудалау қылмысы анықталса, кінәлі адам өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал жарнамалау, насихаттау әрекеттері үшін 3-тен 6 жылға дейінгі жаза қарастырылған.