Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Бас прокурор әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналарын қабылдайтынын жеткізді

сарбазФото: Sinenkiy / Getty Images

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Бас прокуратура мен Бас әскери прокуратура басшылығы қаза тапқан және жарақат алған әскери қызметшілердің аналарын қабылдайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

"Олардың әрбір уәжі назардан тыс қалмайды. Сондай-ақ әскери қызметшілердің қаза табуы мен жарақат алуын болдырмау жөніндегі жұмыстарға, әскери қызметке шақырудың заңдылығына және медициналық қызметтің қорытындыларының негізділігіне баға беріледі. Осы жұмысқа Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның орталық аппараттарының өкілдері тартылды", – деп жазды Бас прокурор Берік Асылов Х әлеуметтік желісінде.

Бұған дейін Астанада әскерде қаза тапқан ұлдары үшін митингке шыққан аналарды полиция ұстап әкеткені хабарланды.

Астана қалалық полиция департаменті ақпаратқа қатысты мәлімдеме жасады.

"10 қараша күні Астанада азаматтарды қабылдау орталығының маңында рұқсат етілмеген акция ұйымдастырылған. Қатысушыларға заң талаптары бірнеше рет түсіндірілді және прокуратура өкілдері мен полиция қызметкерлерімен бірлесіп, бейбіт жиындарды өткізу тәртібін бұзуға болмайтыны туралы ресми ескерту жасалды. Дегенмен, қатысушылар бұл ескертулерге жауап бермеді. Сондықтан заңмен қарастырылған шаралар қабылданды”, - делінген полиция хабарламасында.

Полицияның мәліметінше, әскерде қаза тапқан және зардап шеккен сарбаздардцң отбасыларына қатысы жоқ, провокациялық мақсатпен келген бірнеше азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

"Акцияға қатысқан әскерде қаза тапқан және зардап шеккен сарбаздардың аналарына алдын алу әңгімесі жүргізіліп, оларға заң нормалары түсіндірілді, содан кейін олар үйлеріне жіберілді”, - делінген ресми хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін Астана әскерде қаза тапқан сарбаздардың аналары митингке шыққаны туралы жазған едік. Марқұм сарбаздардың аналары күні бойы министрлік ғимаратының алдында тұрған.

Айнұр Мұхади
Сейсенбі, 11 Қараша, 2025 14:12
Талқылау