Бас прокуратура Нығматулиндерге қатысты іс бойынша Түркиядан көмек күтіп отыр

Бас прокуратура Нығматулиндерге қатысты істер бойынша Түркиядан құқықтық көмек күтіп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл Арғын және Ерлан Нығматулиндер мен Нұржан Нұрлановқа қатысты іс.
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, Арғын Нығматулинге іздеу жарияланған. Бұл Қарағанды облысындағы хоккей клубына бөлінген қаражатты жымқыру дерегіне байланысты. Ерлан Нығматулинге қатысты тергеу жүріп жатыр. Нұржан Нұрлановқа қатысты да қылмыстық іс аясында тергеу жүріп жатыр.
“Қазір біз Түркияға құқықтық көмек көрсету туралы сұрау салдық. Жауабын күтіп отырмыз”, – деді бас прокурордың орынбасары.
Сұраудың нақты кімге қатысты жолданғаны нақтыланбады.
Нығматулиндерге іс қозғалуына не себеп?
Бұған дейін отандық кәсіпкер Қанат Әміркин Нұрлан Нығматулиннің үлкен ұлы өзінен “Алатаудорстрой” компаниясын тартып алып, одан үлкен сомада ақша талап еткенін айтқан еді. Сөйтіп Нұржан Нұрлановтың үстінен қылмыстық іс қозғалған. Дегенмен кейіннен оның рейдерлікке қатысы бар күдікті ретінде танылмағаны айтылды.
Кейін Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов экс-спикер Нұрлан Нығматулиннің ұлының ісі тоқтатылғанын айтқан.
Ал былтыр 3 наурызда Арғын Нығматулинге іздеу жарияланғаны хабарланған еді. Бас прокуратураның сол кездегі мәліметінше, Арғын Нығматулинге хоккей спортының дамуына бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылған.
Бас прокуратура Қарағанды облысындағы хоккей спортының дамуына бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша Ниғматулин А.З және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық істі әлі күнге дейін тергеп жатыр.
Тергеу барысында Нығматулин А.З күдікті деп танылған. Соттың санкциясымен оған қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Оның Қазақстаннан тыс жерде болуына байланысты іздеу жарияланған. Іздеу жұмыстарымен интерпол шұғылданады екен. Ведомство оның қазір қай жақта екенінен хабарсыз екенін мәлімдеген.
Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Құрақбаевтың айтуынша, Арғын Нығматулин Қазақстаннан тергеу басталғанға дейін кетіп қалған. Нығматулин мен өзге де тұлғалар аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті иемдену және талан-таражға салу бабымен күдікті деп танылыпты (Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі).
Ал Ерлан Нығматулинге қатысты тергеуге кәсіпкер Рамис Ибрагимовтың бопсалауға қатысты арызы себеп болған. Оның айтуынша, Ерлан Нығматулин бизнесін рейдерлік шабуылмен тартып алған. Бірнеше рет қысым көрсетіліп, қоқан-лоқы жасалған соң ол "Қазақмысқа" қызмет көрсететін көлік компаниясын Нығматулиннің атына аударуға мәжбүр болыпты.
"233 миллиард теңгенің ұмытылмаған сабағы": Қазақстанға 2029 жылғы Азия ойындарын өткізудің пайдасы бар ма?