Қызғалдақ үшін миллиондаған айыппұл салу әділетті ме – Бас прокуратураның жауабы
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев елде сирек кездесетін қызғалдақты жұлғандарға қомақты айыппұл салу жөнінде пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Ғалымжан Қойгелдиев Шымкентте Қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлған әйелдің айыппұлды төлеп-төлемегені жайлы білмейтінін жеткізді.
"Бірақ заңның аты – заң. Азамат заң бұзбаса, айыппұл салынбайтыны түсінікті. Заң бұзса, айыппұл салынады. Бізде жиі дамыған елдерді мысалға келтіреді. Сингапурды алып қарастырайық. Адам темекі тұқылын лақтырса да, қомақты айыппұл арқалайды. Әрі қарай дамыған Еуропа елдері – Швеция, Швейцария, Германия, Францияны алайық. Білуімше, ол жақта қылмыстық істердің 90%-ға жуығында айыппұл салынады. Сәйкесінше, 5-7 жылға сотталған адам қылмыстық жауапкершіліктен бөлек қосымша ірі айыппұл төлейді. Ал Қазақстанда әзірге мұндай жоқ", – деп айтты ол сенат кулуарында.
Айта кетейік, Түркістан облысы Ордабасы ауданында Қызыл кітапқа енген қызғалдақтан гүл шоғын жинаған әйелге қылмыстық іс қозғалған еді.