Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұның бәрі нақты орындаушысы бар қылмыс": Депутат суицид деректерінің көбеюіне қатысты дабыл қағып, әлеуметтік желілерді бұғаттауды талап етті

Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова желідегі парақшасында кейінге кездегі балалардың өзіне қол жұмсау фактілері көбейіп кеткенін айтып, дабыл қақты. Оның айтуынша, ата-аналар мен психологтар көп сөйлесіп, оларды не нәрсе алаңдатып жүргенін бірден түсіну қажет. Сондай-ақ депутат әлеуметтік желіге және гаджеттерге тыйым салу керегін айтып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

"Иә, ресми тергеу басталды. Бірақ қазірдің өзінде мұның бәрі нақты орындаушысы бар қылмыс, кісі өлтіру деп айтуға болады. Айуандықпен қылмыс жасағандарды, яғни арандатушыларды анықтап, заңды түрде жазаға тартуды құқық қорғау органдары қажет болса халықаралық іздеу жариялап, орындайды деп үміттенемін", – деді желідегі жазбасында.

Ол бұл қылмыстарды іске асыруға жағдай туғызып отырған әлеуметтік желілер мен мессенджерлер екенін ашық ақпарат көздерінен оқып жүргенін айтты. Депутаттың сөзінше, мәселелерді жалтақтамай айту қажет.

"Олар санасы әлі қатпаған жеткіншектеріміздің психикасына теріс әсер ететін құралға айналды. Ең сорақысы сол, бұл ойындар мен квесттер психологиялық тұрғыдан айтқанға көндіру дағдыларын қолдана отырып, кәсіби түрде жасалып жатыр. Сонымен қатар әлеуметтік желілердің дамуы және гаджеттердің кең таралуымен мұндай ойындар елімізде жаппай сипатқа ие болып отыр. Бірде-бір отбасы бұдан өзін сақтандыра алмайды. Мемлекет тарапынан заң деңгейінде буллинг, өзін өзі өлтіруге мәжбүрлеу сияқты әрекеттерге қарсы қылмыстық жауапкершілік енгізілді, бірақ қазіргі жағдай мұның жеткіліксіз екенін көрсетеді", – деп түсіндірді Жұлдыз Сүлейменова.

Жұлдыз Сүлейменова әрбір ата-ана осы мәселеге ерекше көңіл бөліп, балаларымен көбірек сөйлесуі керек деп отыр.

"Жауапты министрлік мектептердегі психологиялық қызметтердің жұмыс алгоритмдерін өзгертуге тиіс. Олар балалардың мінез-құлқындағы және жүріс-тұрысындағы белгілерді уақытылы анықтауда тиімді құрал болуы керек. Бірақ ең бастысы, мұны мен ұстаз ретінде, ана ретінде, депутат ретінде айтамын – мемлекет пен қоғам әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің әкімшілерінен таралып жатқан ақпаратқа бақылауды күшейтуін талап етуі керек деп санаймын. Таралып жатқан заңсыз, зиян, бүлдіршіндердің санасын улайтын жүктемелерге бақылауды оқыс күшейтуді қатаң талап ету керек", – деді ол.



Депутаттың айтуынша, "меморганнан құқықтық тұрғыдан негізделген талап-арыз күтіп отырмыз" деп сылтауратпай, қауіпті контенттің таралуына жол бермеу үшін өздерінің жұмыс алгоритмдерін өзгертуге тиіс. 

"Шетелдік тәжірибе көрсеткендей, шындап келгенде бұл әлеуметтік желілер мен мессенджерлер иелерінің қолынан келетін шаруа. Егер мұндай талап орындалмаса, онда мемлекет бақылауды күшейтсін. Барлық қауіпті контентке қатаң тосқауыл қойылсын. Ал жекелеген контентке тосқауыл қоюға қол жеткізу мүмкін болмаса, онда нақты заң бұзған әлеуметтік желі немесе мессенджер бұғатталуы керек. Біздің балаларымыздың өміріне қауіп төніп тұрғанда ешқандай мәймөңкеге жол беруге болмайды. Мен мұны ана ретінде, педагог ретінде айтып отырмын. Барлық ата-аналар мен педагогикалық қауымдастық мені толықтай қолдайды деп білемін. Тағы да қайталап айтамын, бұл мәселеде жайбасарлыққа жол беруге болмайды, дереу іске кірісу керек!" – деп нақтылады депутат.

Еске салайық, бұған дейін соңғы екі аптада студенттер мен оқушылар жаппай өз-өзіне қол жұмсады. 12 қыркүйекте Алматы әскери институтында құрлық әскерлері әскери институты сержантының денесі табылғаны белгілі болды. 16 қыркүйекте Алматыда екі оқушы қыз тоғызыншы қабаттан құлап мерт болды. Кейін оқушы қыздардың жақындары оларды бұған не итермелегенін айтқан еді. Сонымен қатар олар мектептерде телефонға тыйым салуды ұсынды.

21 қыркүйекте 12 жасар мектеп оқушысы 13-қабаттан секіріп кетті. 22 қыркүйекте көпқабатты үйдің ауласынан ҰҚК шекара академиясының үшінші курс курсантының денесі табылды. 23 қыркүйекте 18 жастағы жігіт терезеден секіріп кеткен еді. Ал бүгін Almaty Management University баспасөз қызметі студенттің өлімі туралы ақпаратты растады. 

Талқылау