Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Барлығы 40 миллион теңге салдым": Актер Мейірхан Шерниязов “Mudarabah Capital” компаниясының қалай құрылғанын айтып берді

Мейірхан Шерниязов сұхбат бердіФото: Видеодан скриншот

Қаржы пирамидасын құрды деген айыппен сотталған актер Мейірхан Шерниязов бостандыққа шыққаннан кейін алғаш рет журналист Руслан Өтепбайға сұхбат беріп, “Mudarabah Capital” компаниясының қалай құрылғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Актер алдымен “Astex.kz” компаниясы туралы қалай білгенін әңгімеледі. Оның сөзінше, таныстарымен бірнеше кәсіпті жүргізу үшін “Umma brothers” компаниясы құрылған, артынан “Astex.kz” компаниясы жайлы естіген. 

“2020 жылы Әділет деген жігітпен таныстым, оның екі мейрамханасы бар еді. Мейрамханасына амбассадор керек болады, сөйтіп мейрамхананың жарнамасына кірістік. Көмекке Руслан деген кісіні шақырдық. Кейіннен маркетинг, заң және тағы басқа бөлімдерге адамдар келе бастады. Содан барлығы 15 шақты адам болып, “Umma brothers” болып істеп кеттік. Оның ішінде 7-8 жоба бар. Сөйтіп Әділеттен “Astex.kz” компаниясы туралы естідім. Мен намаздағы адам болғандықтан, ақшамды депозитке салмайтынмын. Әділет тендер арқылы жұмыс істейтін “Astex.kz” компаниясына ақша салып жатқанын, ай сайын 20% дейін пайда түсіп отыратынын айтты. Тендерден 100% дейін пайда көруге болады дегенді еститін едім, содан алғаш рет 14 сәуірде барып 9 миллион теңге салдым”, – деді ол.

Өнер иесінің өзі “Astex.kz” компаниясына алғаш рет 9 миллион теңге, ал бір жыл ішінде барлығы 40 миллион теңге салған.

“Компанияның басшыларын танымайтын едім, Әділет 1,5 жылдан бері пайда көріп жүрді, оған мен де сендім. Мен осы 9 миллионнан айына 1,8 миллион теңгеге дейін пайда көруім керек еді. Мен бұл туралы компаниядағы басқа жігіттерге айтпаған едім, алғашында Әділет екеуміз ғана білеміз деп ойлап жүрдім. Кейінірек басқа жігіттердің де бұрыннан салатынын білдім, Руслан тіпті Алматыдағы жалғыз үйін сатып, компанияға ақша салған екен”, – деді ол.

Мейірхан Шерниязов компанияның қаржы пирамидасы екеніне ешқандай күмәні болмағанын айтты.

“Өзімнің басқа да жұмыстарым болғандықтан мен компаниядан түсетін ақшаны алмайтын едім, жинала бергенін қаладым. Айына ары кетсе 300 мың теңгедей алып отырған шығармын. Бір айдан кейін Алмас Құрманғалиевпен таныстым. Астымдағы Toyota Land Cruiser көлігімді сатып, тағы 9 миллион теңге салдым. Азын-аулақ ақша түссе салып отырдым. Осылай жүріп бас-аяғы 40 миллион теңгедей ақша салыппын. Оның бәрінің құжаты бар. Ол кезде екінің бірі тендермен айналысып жүрді ғой, содан ешқандай күмән де болмапты. “Astex.kz” компаниясының негізін қалаушы ағалы-інілі Алмас пен Шыңғысты танымадым да”, – деді ол.

Актердің айтуынша, “Mudarabah Capital” “Astex.kz” компаниясының агенті ретінде құрылған, ал актердің міндеті жаңа жобаны халыққа таныстыру болған. Мейірхан Шерниязов компанияға халал сертификаты бар болғандықтан ғана сенгенін, егер ол болмағанда өз қаржысын ешқашан салмайтынын түсіндірді.

“Astex.kz” компаниясына ақша салып, қосымша өз жобаларыммен айналысып жүргенде бізге “Mudarabah Capital” компаниясын ашу туралы ұсыныс түсті. “Астекстің” агенті боламыз деді. Мен “Mudarabah Capital” өзге де жобалар секілді “Umma brothers” айналысып жүрген кәсіптердің бірі болады деп түсіндім. Ал “Mudarabah Capital” құрылудағы басты мақсаты “Astex.kz” салымшыларды тарту болды. Әзім екеуміздің басты қызметіміз “Mudarabah Capital” халыққа таныстыру еді. Біз компанияның құрылу мақсатын ашық айтатынбыз, оны халал бизнес ретінде таныстырдық. Бізде халал сертификат та болды, ол болмаса мен өзімнің ақшамды компанияға салмас едім. Кейінірек “Astex.kz” “Mudarabah Capital” секілді басқа да агенттері көп екені анықталды. Бірақ олардың ешқайсысы заңды түрде тіркелмеген, ал біз бәрін заңға сай істедік”, – деді ол.

Еске салайық, блогерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінген еді. 2023 жылғы маусымда сот үкімі шығып, сот қаулысымен Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовты бес жылға бас бостандығынан айырылды.

Былтыр сот келтірілген шығынның толық өтелмеуіне байланысты вайнер Мейірхан Шерниязовтың мерзімінен бұрын бостандыққа шығару туралы шағымын қанағаттандырмаған еді.

Балнұр Жұмаділла
Бейсенбі, 27 Қараша, 2025 11:55
Талқылау