"Барып тұрған қорлық қой": Алматы метросындағы қызметтік иттің жүдеу күйі желі қолданушыларының ашуын туғызды
Фото: Threads.com/@baumanita_
Әлеуметтік желіде полиция қызметкерлері ұстаған қызметтік иттің жағдайы мен сыртқы келбеті жұртты алаңдатты. Желі қолданушысы Алматыда метро қызметкерімен метроға кірген қызметтік иттің тым жүдеу, әбден қалжырап, жүні түскенін айтып, жазба жариялады. Stan.kz тілшісі Алматы полиция департаментінен қызметтік иттің жағдайын білді.
“Алматы метросындағы қызметкерлердің итіне не болған? Ит әбден қалжырап, жүдеп кеткен, жүні түскен”, – деп жазды желі қолданушысы.
Қызметтік иттің суретін көрген басқа желі қолданушылары Алматы полиция департаментінің парақшасын белгілеп, бұл жағдайды түсіндіруін талап етті.
“Ит неге мұндай күйге түскен?”, “Бұл тұқымның ерекшелігі емес. Иттің қалжырағаны анық”, “Итті мұндай күйге түсіру үшін не істеу қажет?”, “Итке тамақ берсеңдерші”, “Өздерің де осылай аштан-аш жұмыс істейсіңдер ме?”, “Мынау барып тұрған қорлық қой”, – деп жазды олар ашынып.
Жазбаға қатысты Алматы полиция департаменті пікір білдірді.
“Әлеуметтік желіде Алматы метрополитенінде қызмет атқарып жүрген қызметтік-іздестіру итіне, оның сыртқы келбетіне қатысты алаңдаушылық білдірген жазбалар пайда болды. Жарияланған суретте бейнеленген ит — бельгиялық овчарка "малинуа" тұқымының өкілі. Бұл — бұлшықеттері құрғақ, төзімі мен шапшаңдығымен ерекшеленетін қызметтік тұқым. Мұндай иттер сырт көзге арық немесе "жіңішке" болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл — тұқымға тән физиологиялық ерекшелік, ол тамақтың жеткіліксіздігін білдірмейді. Алматы метрополитенінің полиция бөлімшесінде 11 қызметтік-іздестіру иті мен 9 кинолог жұмыс істейді. Барлық жануар тұрақты ветеринарлық бақылауда. Олар тиісті күтіммен, арнайы тамақпен және бекітілген норма мен ветеринарлық стандарттарға толық сай келетін жағдаймен қамтамасыз етілген”, – деп мәлімдеді Алматы полиция департаменті.
Ведомствоның мәліметінше, кинологиялық қызмет бөлімшелері азаматтар көп жиналатын орындарда, соның ішінде метро станцияларында, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде маңызды міндет атқарады.
Сондай-ақ полиция қала тұрғындарының бейжай қарамай, алаңдаушылық білдіргені үшін алғыс білдіріп, барлық қызметтік иттер қамқорлықта екенін хабарлады.

Павлодарда "Қауіпсіз қала" жобасын іске асыруға 8,6 млрд теңге жұмсалмақ, Қытай Deep Seek-ті жасауға одан үш есе аз жұмсады – Депутат
