"Бәрін Қаржаубайдың өзі істеді": Шерзат Полатқа қатысты сот үкімінен соң сотталушылар мен олардың ата-аналары шу шығарды
Фото: Видеодан скрин
5 маусымда Шерзат Полаттың қазасына қатысты айыпталушыларға сот үкімі шықты. Олардың ең көбі 23 жыл, ең азы 1, 5 жылға сотталды. Сот үкімі оқылған соң айыпталғандардың ата-анасы шу шығарып, шешіммен келіспейтіндерін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сотталушылардың ата-анасы шу шығарды
Сот залынан шыққан соң айыпталғандардың ата-анасы шу шығарып, жәбірленуші тарапты балағаттады. Равиль Сакиевтің анасы Stan.kz журналисіне айғайлап, сот әділ өтпегенін жеткізді. Сондай-ақ жәбірленуші тарапты "қарабеттер, қалпақтар" деп атап, балағат сөздер айтты.
Қаржаубай дүкен есігін жауып қойғанда мұндай жағдай болмас еді
Сотталған Дидар Қалиахметтің әкесі сот үкіміне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған күні Қаржаубай дүкен есігін жауып қойғанда мұндай жағдай болмас еді.
“Қаржаубай соғыс басталып жатқан кезде дүкенді жауып қойғанда осындай жағдай болмас еді. Сол кезде бүкіл Қазақстан, дүниежүзі шуламайтын еді. Уақытында бәрін қолға алса қайғылы жағдай болмайтын еді. Мысалы, балам саунадан шығып, сол жерге жай бір су, сыра алайын деп барған. Ал Қаржаубай мен Шерзат бір топ жігітті шақырып, дайындалған. Олардың бәрі менің балам сияқты 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша іске тартылуы керек еді. Неге тартылмаған”, – дейді сотталғанның әкесі.
Дидар Қалиахметтің әкесінің айтуынша, бұл істе жәбірленуші тараптың ғана жағдайы жасалған.
“Бұл істе тек жәбірленушілердің жағдайын істеген. Ал сотталушыларға сұрақ та қоймай, жағдайын да жасамаған. Мысалы, біз осы уақытқа дейін бірде-бір рет БАҚ беттеріне сұхбат бермедік. Сот өз әділ шешімін шығарар деп ойлағанбыз. Бірақ, бұл жерде әділдік жоқ”, – дейді Қалиахметтің әкесі.
Айта кетейік, Дидар Қалиахмет Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (Бұзақылық) бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Осының бәрін Қаржаубайдың өзі істеді
Сотталған Нұрқияс Ілиясовтың әкесі апелляциялық сота шағым түсіретінін айтты. Тіпті президентке өтініш жазамыз дейді.
"Сотта мылтықты кім атқанын айтып тұр. Ашық айтып тұрғанның өзінде соттың шығарған шешімі осы. Мынау таза ұят нәрсе. Балалар бостан-босқа жылап кетті. Енді апелляциялық сотқа шағым түсіріп, президентке өтініш жолдаймыз. Пышақты шығарған Қаржаубай. Бірінші ұрған баласы. Олар ұрмаса мұндай жағдай болмас еді. Шерзат Дарханды ұрып жіберген кезде ол баланы үйіне апарып тастағанда, Әскентай достарын шақырмайтын еді. Дархан жүре алмайтын бала. Екі аяғын көлік басып кеткен. Оның үстіне жетім бала", – дейді сотталушының әкесі.
Нұрқиястың әкесінің айтуынша, Шерзаттың әкесі мен шешесін де жауапқа тарту керек.
“Олар артынан келіп мылтық атады. Шерзат адам ұрады. Ұрмай дұрыс жолмен шешсе болады ғой. Ол жерде шешесі де, әкесі де жүр. Олар неге 434-бабы (қылмыс туралы хабарламау) бойынша жауапқа тартылмайды. Өзіміз жалдаған қорғаушылар әйбат. Оларға әңгімеміз жоқ”, – дейді Нұрқиястың әкесі.
Айта кетейік, Нұрқияс Ілиясов Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
Жазықсыз баланы шығаруы керек еді
Кәмелетке толмаған сотталған Думан Ысқақтың әкесі де үкіммен келіспейді. Ол апелляциялық сотқа шағым түсірмек. Оның айтуынша, жазықсыз баланы судья босатуы керек еді.
Айта кетейік, Думан Ысқақ (кәмелет жасына толмаған) Қылмыстық кодекстің 434-бабы (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айырылды.
Шерзат Полаттың қазасы бойынша сотталушылар үкімді естіген соң ашуға булығып, кабинаны сындырмақ болды. Сот залында “Абзал, қой” деп айғайлаған дауысты бірнеше рет естуге болады.
Еске салайық, 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқанеді. Оның өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртегенкүдіктілер әлі күнге табылған жоқ.
Ал 2024 жылдың 9 желтоқсанында марқұмның ағасы 30 жастағы Нұрғанат Ғайыпбаевтың денесі қала шетінен табылған. Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, ол өз-өзіне қол жұмсаған.
5 маусымда Талдықорғандағы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Ержан Жанұзақов жасөспірім Шерзат Полатты өлтірді деп айыпталған 9 сотталушыға үкім шығарған.