Соңғы ЖАҢАЛЫҚТАР
БАРЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР

"Бәрі өртеніп кетті": Шымкентте 45 отбасы бір-ақ күнде баспанасыз қалды

Шымкентте 45 отбасы бір-ақ күнде баспанасыз қалды. Олар тұрып жатқан бір қабатты жатақхана түгі қалмай өртеніп кеткен. Абырой болғанда, тұрғындар зардап шекпепті. Әзірге оларды колледж жатақханасына орналастырған.

Сурет: 31 арна/скриншот

Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі «31 арнаға» сілтеме жасап хабарлайды.

Үш баланың әкесі Мақсатхан Бекеев 45 жасында баспанасыз қалып отыр. Бұрынғы жатақханада оның екі бөлмесі болған екен. 

«Кәмелетке толмаған үш балам бар. Әрі қарай не болатынын білмеймін. Өрттен тек құжаттарды алып қала алдым. Басқа заттардың бәрі өртеніп кетті», - дейді Мақсатхан Бекеев.

Жатақханада тұрған тағы 44 отбасы да осындай күйде. Өрт 8 маусымда болғанымен, ол туралы енді ғана белгілі болып отыр. Таңғы уақытта жатақханада өрт шығып, түгі қалмай өртеніп кеткен. 

«Баламмен далада қалдым», - дейді тұрғындардың бірі көз жасын тоқтата алмай.

Тұрғындардың сөзінше, аудандық әкімдіктегілер өрттен аман қалған жиһаздардың бақылауда болатынын айтқан. Сол күні полицейлер күзеткенімен, артынша тонаушылар түк қалдырмапты.

Аудандық әкімдік тұрғындарды колледж жатақханасына орналастырып, уақытша баспанамен қамтамасыз еткен. 

«Бұл жағдай қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың бақылауында. Адамдар уақытша  баспанамен ғана емес, үш уақыт тамақпен қамтамасыз етілді», - дейді Абай ауданының әкім орынбасары Нұрлан Тілеш.

Алайда тұрғындар өздеріне тек екі тәулік тамақ берілгенін айтады. Әрі қарай тамақты қайдан алатынымызды білмейміз, дейді. 

Шенеуніктер өрттен зардап шеккен отбасыларды қиын жағдайда қалдырмаймыз деп отыр. Өрт сөндіру инспекторларының өрттің себебі туралы қорытындысы мен арнайы комиссияның шешімі шыққаннан кейін, оларға баспанамен көмек берілетінін айтады.

Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр