Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Владимир Кимге тиесілі банк ресейлік компаниямен сотта жеңіліп, 3 млрд теңге төлеуге міндеттелді

Фото: Яндекс Карты

Мәскеу қаласының Арбитраж соты Bank RBK қатысқан резонансты іс бойынша шешім шығарып, Стокгольм арбитражының үкімін растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін Стокгольм арбитражы қазақстандық банкті ресейлік “Информтехника и Промсвязь” компаниясы алдындағы кепілгерлік жауапкершілігін орындауға міндеттеген еді. Сонымен қатар банк қазақстандық серіктесі Grand Telecom-ның қарызы үшін 478,6 миллион рубль (шамамен 3,1 миллиард теңге) төлеуі керек.

Іс Мәскеу арбитраж сотында былтыр мамыр айында қарала бастады. Сол кезде “Информтехника и Промсвязь” компаниясы үш ай бұрын өз пайдасына шығарылған Стокгольм арбитражының шешімін Ресей аумағында тану және орындау туралы талап арыз берген. Дау 2017 жылы Bank RBK Grand Telecom пайдасына берген банктік кепілдікке қатысты. Кепілдік сомасы сот құжаттарында көрсетілмеген. Банк қазақстандық сатып алушы телекоммуникациялық жабдықты жеткізу және орнату үшін алған қарызын өтемей қалған жағдайда, қарызды толық өтеуге уәде берген.

2022 жылы Grand Telecom төлемдерді кесте бойынша аударуды тоқтатты. Осыдан кейін Bank RBK кепілгер ретіндегі міндеттемелерін орындаудан бас тартып, мұны санкциялық шектеулермен түсіндірді. Бұл ретте “Информтехника и Промсвязь” компаниясы банк үшін қандай да бір санкциялық тәуекел жоқ екенін растаған.

Іс барысында талапкер қамтамасыз ету шарасы ретінде Bank RBK-ның ресейлік банктердегі шоттарындағы қажет соманы бұғаттауды сұраған. Оның ішінде бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев қоры бақылауындағы Азия–Тынық мұхиты банкіндегі шоттар да аталған. Алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады.

6 ақпанда Мәскеу қаласының Арбитраж соты түпкілікті шешім шығарды. Шешімде Bank RBK-ның "Информтехника и Промсвязь" компаниясы алдындағы міндеттемелері тікелей әрі тәуелсіз екені жеке көрсетілген. Сонымен қатар Grand Telecom-ның Стокгольмдегі арбитраждық қарауға қатысуы міндетті болмағаны атап өтілген. Нәтижесінде Bank RBK 419,2 миллион рубль негізгі қарызды және 59,4 миллион рубль айыппұл төлеуге міндеттелді. Бұл шешімге наурыздың басына дейін шағымдануға болады.

Bank RBK акцияларының 89,8%-ы кәсіпкер Владимир Кимге тиесілі. Bloomberg дерегінше, оның байлығы 9,1 миллиард доллар (әлемде 409-орын, Қазақстанда бірінші орын). Жуырда ғана ол Эдуард Огаймен бірге иелік еткен “Қазақмыс” мыс өндіруші корпорациясындағы үлесін кәсіпкер Нұрлан Артықбаевқа сатқан. Қазір Владимир Кимнің қолында Minerals Project және “Көксай Холдинг” мыс өндіруші активтері бар.

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 26 Ақпан, 2026 18:22