Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Банк несие алған адамды өмірін сақтандыруға міндеттей ала ма – Заңгер жауап берді

Банк несие алуға ниетті адамды өмірін сақтандыруға міндеттей алмайды. Егер талап қойса, тұтынушының құқығы бұзылады. Заңнамада "сақтандыру полисін пайдалануы тиіс" деген норма жоқ. Сондықтан қаржы ұйымдары қарыз алушыға өмірін сақтандыруды ұсынады. Тұтынушы қаласа, сақтандыру түрі мен компанияны таңдауға құқылы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Shutterstock.com

Шұғыл ақша керек болып қаржы ұйымына жүгінген кезде көбі шартқа көңіл бөлмейді. Банктер соны пайдаланып, айтылуы тиіс кей деректі жасырып қалуы мүмкін. Соның кесірінен тұтынушының шығыны көбейеді.

Банк сақтандыру полисін пайдалануға мәжбүрлеуі мүмкін. Бірақ заңгерлер бұл заңсыз әрекет дейді. 

“Өмірін сақтандыру – әр азаматтың ерікті шешімі. Заң бойынша қандай да бір талап қою заң нормаларына қарама қайшы келеді. Адамдар өмірін сақтандырған кезде пайдасы көбіне банктерге түсіп отырады. Қандай да бір жағдай болғанда ғана адамға көмегі тимесе, басқа кезде артық шығын төлейді”, – деді заңгер Аида Қуандықова.

Әр тұтынушы сақтандыру полисінен бас тартуға толық құқылы. Банк мұндай қадамға еншілес ұйымдарының пайдасын арттыру үшін барады екен.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері де банктердің талап қоя алмайтынын растады. Клиент келіссе, сақтандыру сомасы сол несиенің ішіне кіреді. Әрі ставкасы да төмен болады. Келіспесе, қарызды қайтармау тәуекелі жоғары тұтынушы есебінде мөлшерлеме ұлғаяды.

“Кейбір банктер өмірді, денсаулықты немесе мүлікті сақтандыруды міндетті түрде талап етеді. Бұл несие құнын арттырады. Қандай сақтандыру түрлері қажет екенін анықтап, өзіңізге ыңғайлы компанияны таңдаңыз”, – деді қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі Олжас Рамазанов.

Бастысы, өмірін сақтандырған ақшаны қайтарып алуға болады дейді заңгерлер. Ол үшін қарыз мерзімінен бұрын өтелуі тиіс. Алайда сақтандыру полисі бір-ақ жылға жасалатындықтан, бұл мүмкіндік көпке қолжетімді емес секілді.

Талқылау