Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Банктердің 21 жасқа дейінгі қазақстандықтарға төлем карталарын онлайн беруіне тыйым салынбақ

18 бен 21 жас аралығындағы қазақстандықтардың онлайн режимде банк карталарын шығаруына тыйым салынбақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: istockphoto.com

Енді бұл қызмет тек банк бөлімшесінде ғана қолжетімді болмақ. Бұл туралы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаулысының жобасында айтылған. Құжат агенттіктің ресми сайтында жарияланды.

Төлем карталарын шығарумен қатар, банктерге 21 жасқа дейінгі жастармен "қашықтан іскерлік қатынастар орнатуға" да тыйым салынады.

Тағы бір өзгеріс14 пен 18 жас аралығындағы қазақстандықтарға қатысты, енді кәмелекетке толмағандар банк қызметтерін онлайн пайдаланса, олардың операцияларын ата-аналары немесе басқа да заңды өкілдері міндетті түрде растауы қажет. 

Агенттіктің мәліметінше, бұл шаралар клиенттерді алаяқтықтан қорғау мақсатында енгізілмек. Сонымен қатар агенттік банктерге клиенттермен қарым-қатынас аяқталғаннан кейін олардың биометриялық деректерін (фото және видео) кемінде бес жыл сақтауды міндеттейді.



Жаңа ережелерге сәйкес, банктер деректерді өңдеу және күмәнді операцияларды анықтау үшін жасанды интеллектті қолдануы тиіс.

Енді банктер келесі санаттағы тұлғаларды қатаң бақылауға алады:

- бір немесе бірнеше банктен бес және одан да көп картасы бар тұлғалар;

- Қазақстанда тұрмайтын, ықтиярхаты мен тұрақты тұруға рұқсаты жоқ шетелдіктер;

- 14 пен 25 жас аралығындағы ресми табысы жоқ азаматтар, егер олардың атына күмәнді ірі сомалар туыстарынан тыс басқа көздерден түссе немесе үшінші тұлғаларға жиі ақша аударымы жасалса;

- шекара маңындағы аудандарда банк бөлімшелері немесе картоматтар арқылы карта алған клиенттер;

Сонымен қатар, банк клиенттің электрондық қызметтерге қол жеткізу үшін базаға тіркелген бірдей телефон нөмірі мен құрылғыны қолдануын қадағалауға міндетті.

Еске салсақ, бұған дейін де жеке басында 5 бірдей картасы бар қазақстандықтардың төлемдері тексерілетіні туралы жазған едік. 

Талқылау