Балконға мемлекеттік Туды ілуге бола ма: Мәдениет және ақпарат министрлігі түсіндірді

Мемлекеттік Туды балконға ілгені үшін айыппұл салынуы туралы мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі заң талаптарын түсіндіріп, қасақана қорлау мен патриоттық ниеттің аражігін ажыратып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі CMN.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі патриоттық сезім мен заң бұзушылықтың ара-жігін түсіндіріп, мемлекеттік рәміздерді құрметтемеу үшін қандай жауапкершілік көзделгенін мәлімдеді. Талқылауға түрткі болған – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтай отырысында сөйлеген сөзі. Сол кезде мемлекет басшысы Ту, Елтаңба және Әнұранды құрметтеу әр азаматтың парызы екенін атап өтті.
Министрліктің ескертуінде мемлекеттік рәміздер Конституциямен бекітілген, ал 34-бап азаматтарды оларға құрметпен қарауға міндеттейді. Ең қатаң жаза Қылмыстық кодекстің 372-бабында қарастырылған. Ол мемлекеттік рәміздерді қорлау әрекеттеріне қатысты.
Мұнда қасақана жасалған, айқын құрметсіздікті білдіретін әрекеттер туды өртеу, жырту, таптау немесе өзге де қорлау сипатындағы іс-әрекеттер сөз болады.
Жаза түрлері:
- 3000 АЕК-ке дейін айыппұл;
- 900 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс;
- екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру.
Егер мемлекеттік рәміздер белгіленген стандартқа сай қолданылмаса, мысалы, коммерциялық мақсатта, логотип ретінде немесе бекітілген үлгіден ауытқып пайдаланылса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 458-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Айыппұл мөлшері 50 АЕК (216 250 теңге).
Сондай-ақ рәміздерді міндетті түрде орналастыру қажет орындарда олардың болмауы да жауапкершілікке әкеледі. Министрлік жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік туды тұрғын үйлерде, соның ішінде балконда, патриоттық сезімді білдіру мақсатында ілуге құқылы екенін атап өтті.
Алайда талаптар бар:
- Ту ұлттық стандартқа сай болуы тиіс;
- өңі кеткен, жыртылған немесе ластанған туды пайдалануға болмайды;
- тозған жағдайда ту ауыстырылып, белгіленген тәртіппен жойылуы керек.
Талаптар сақталмаса, 50 АЕК-ке дейін әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін. Жеке автокөліктерге ту ілуге қатысты нақты тыйым немесе рұқсат беретін бөлек норма жоқ. Дегенмен жол қозғалысы ережелерін бұзуға және тудың бүлінуіне жол берілмеуі тиіс. Бұған дейін ішкі істер органдары айыппұл ту үшін емес, жол ережесін бұзғаны үшін салынатынын түсіндірген.
Мемлекеттік Елтаңбаны жарнамада немесе тауар белгісі ретінде пайдалануға тыйым салынады. Ал Әнұран орындалғанда орнынан тұрмағаны үшін арнайы бап қарастырылмаған. Бірақ демонстративті құрметсіздік құқықтық бағаға ие болуы мүмкін. Министрлік өкілдері алғаш рет және абайсызда жасалған құқық бұзушылықтар бойынша түсіндіру шаралары қолданылуы ықтимал екенін айтады. Ал өрескел немесе қайталанған әрекеттер үшін заң аясында жауапкершілік жүктеледі.
Құқық бұзушылық болып саналмайды:
- рәмізді бұрмаламай, ту бейнесі бар киім кию;
- Әнұранды жеке тәртіпте орындау;
- стандарт талаптарын сақтай отырып, туды бизнес нысанында орналастыру.
- Басты қағида – қасақана құрметсіздік болмауы және белгіленген талаптардың сақталуы.
- Қазақстанның жаңа Әнұранына 20 жыл, бірақ халық қай нұсқаның жақсы екеніне әлі дауласып жүр
- Үйлерде, көліктерде көк туымыздың желбіреп тұрғанын көргенде қуанып қаламын – Тоқаев
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде бір топ адамның Қазақстан мемлекеттік туы мен елтаңбасын өртеп, бөлшектеп жатқаны түсірілген видео тарады. Видео желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсті. Артынша видеоның Павлодардағы мектептердің бірінде түсірілгені анықталды. Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, видеодағы әрекет жарамсыз деп танылған мемлекеттік рәміздерді жоспарлы түрде жою шарасы болған. 5 ақпан күні М. Жүсіп атындағы мектепте арнайы комиссия мәдениет және спорт министрінің бұйрығына сәйкес, белгіленген талаптарды сақтай отырып, мемлекеттік рәміздерді жойған.
"Жоғары жалақы, тегін үй мен тамақ, соңғы үлгідегі MacBook": Италиядағы халықаралық мектепте сабақ беретін қазақстандық ұстаздық жұмысы жайлы айтты