Балқашта атом электр станциясы үшін су жеткілікті ме: Министр жауап берді
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Балқашта салынатын атом электр станциясы көлдің толуына айтарлықтай әсер етпейтінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото министрдің Instagram парақшасынан
Министр энергетика мамандарымен кеңесіп, министрліктегі қазіргі атом электр станцияларын зерттелгенін алға тартты.
"Біз, әрине, энергетика мамандарымен кеңесіп, түрлі атом электр станцияларын зерттеп жатырмыз. Суды көп мөлшерде тұтынатын технология болмайды деп ойлаймын. Көлдің толымдылығына үлкен әсер етпейді", - деді Нұржігітов.
Айтуынша Балқашқа келіп түсетін судың көлемі де атом электр станциясының қажеттіліктері үшін жеткілікті болады. Себебі биыл су тасқынынан кейін көлге 3,5 миллиард текше метрден астам су жіберілген.
"География және су қауіпсіздігі институтының есептері бойынша жыл сайын Балқашқа кемінде 12 миллиард текше метр су түсуі қажет. Соңғы екі жылда біз бұл мәнге жеттік. Биыл Балқаш деңгейі 23 см-ге көтерілгенін көріп отырмыз", - деді ол.