Қоғам белсендісі Батыс Қазақстан тұрғынының Украинадағы соғыста қаза тапқанын мәлімдеді
Қазақстандық журналист Лұқпан Ахмедьяров желідегі парақшасында Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының 61 жастағы тұрғынының Украинадағы шайқаста қаза тапқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ер адам Ресей үшін соғысуға аттанған көрінеді. Бұл туралы Stan.kz тілшісі сыртқы істер министрлігінен сұрап білді.
Фото: pixabay.com
"Марқұмның туысының айтуынша, ол – Бөрлі ауданының тұрғыны, этникалық қазақ. Орынбор облысының тумасы Қазақстанға осыдан 30 жыл бұрын отбасымен көшіп келген. Ер адам Қазақстанда жеке шаруа қожалығын ұстаған, бірақ ресейліктердің үгіт-насихатына еріп кеткен. Өйткені үйде ол тек ресейлік телеарналарды тамашалапты", – деп баяндады журналист.
Ер адамның туыстары журналиске оның 2023 жылдың аяғында Ресей Федерациясына кетіп, өз еркімен соғысқа аттануға ниетті екенін хабарлаған.
"Туыстары оған бұл ойдан бас тартуына ықпал етуге тырысқанымен, ер адам украиналық әскерилер орыс балаларын өлтіріп жатқанын және барлық украиналық фашистерді жою керек деп айтқан", – деп жазды Лұқпан Ахмедьяров.
Ахмедьяровтың айтуынша, 2023 жылдың қарашасында ол Ресейге кетіп, көп ұзамай көрші елдің азаматтығын алып үлгерген. Жасына қарамастан Ресей қарулы күштері қатарына қабылданып, "Град" қондырғысына атқыш ретінде майданға аттаныпты. 2024 жылдың қаңтарында жараланып, жазылған соң қайтадан майданға жіберілген. Ал ақпан айында ол туыстарымен байланысын тоқтатып, тамызға дейін із-түзсіз жоғалғандар тізімінде болған. 2024 жылдың тамызында ер адам қызмет еткен бөлімшенің командирі оның әйелімен байланысып, ер адамның сүйегі табылғанын және Ростов қаласындағы мәйітханаға жеткізілгенін хабарлапты.
"Маған осы оқиғаны марқұмның туысы баяндап берді. Туысы Қазақстан билігінің ресейлік телеарналарға өз контентін біздің еліміздің аумағында әлі де көрсетуге рұқсат беріп отырғанына ашулы. Қаза тапқан азаматтың туысы оның ресейліктердің насихатына алданып қалғанына теледидар кінәлі деп санайды. Ер адам бұл "зомби қорабын" күні-түні бақылап отырғанын айтады. Бұдан бөлек ер адамның үй шаруасына мүлдем араласпағанын жеткізді", – деді журналист.
Журналистің айтуынша, ер адам өзінің барлық туысымен сөзге келіп, “соғысқа барма” деген ойларына қарсы шыққан.
"Ол украин әскерлерінің сегіз жасар орыс баласын өлтіріп, баланың арқасына жұлдыз ойып, оның ішегін автоматқа орап тастағаны туралы сандырақ сөздерді үнемі қайталай берген екен. Туыстары мұның бәрі өтірік екенін айтқанда, ол "теледидардан көрдім" деп басын ала қашқан. Ер адамның туыстарының айтуынша, Қазақстанда ол сияқты теледидарға алданып жүргендер көп!" – деп жазды Лұқпан Ахмедьяров.
Stan.kz тілшісі бұл ақпаратқа қатысты сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтан пікір сұрап көрді
"Бізде мұндай ресми ақпарат жоқ", – деп жауап берді Айбек Смадияров.
Еске салайық, Ресей президенті Владимир Путин Новоузенск қаласының тумасы Арслан Сұлтановты Украинаға қарсы соғыста көрсеткен "ерлігі мен батылдығы" үшін ең жоғары әскери орденмен марапаттағанын жаздық. 2023 жылдың тамыз айында жігіт Украинадағы соғыста ауыр жараланған. Осыдан кейін Арслан Мәскеудегі соғыс ардагерлеріне арналған госпитальда емделген.