Экс-депутат Маңғыстау облысы әкімінен балалы болғанын мәлімдеді: Әйел өзіне қоқан-лоққы жасалып жатқанына наразы
Фото: intash_nauruzova TikTok парақшасынан
Маңғыстау облысының экс-депутаты Ынташ Наурызова облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың ізіне адам салып, қорқытып жатқанын айтты. Себебі ол бұған дейін ұлының әкесі облыс басшысы екенін ашық жеткізген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұрынғы депутат Ынташ Наурызова облыс әкімі соңына адам салғанын айтып, президент Тоқаевтан көмек сұрады.
“Қазір 2022 жылы дүниеге келген ұлым бар. Ұлымның әкесі – Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай. Жылдар бойы қиындық көріп, ешкімге айтпай жүрген едім. Себебі баламның әкесіне қатты сендім. Алайда қазір әкім мені қорқытып, түрлі әрекет жасап жатыр. Бір жылдай уақыт болды шыдап жүргеніме. Баламның тегі болсын, араласып тұр, уәдеңді орында дегенім үшін мені қорқытып, артымнан адамдар жібереді. Мені тыныштығымнан айырды”, – деді ол.
Наурызова оның соңынан мемлекеттік қызметкерлер, белгісіз біреулер мен қарақшылар аңдып жүретінін айтты. Ол әкімнің кесірінен барлық есік жабылып, соңынан түрлі өсек тарап жатқанын айтты.
“Мені некесіз, тексіз бала дүниеге әкелдің деп қаралап жатыр. Айтқан өсектері мен қысымы да аз емес. Сондай-ақ желіде менің атымнан арнайы тапсырыспен балағат жазбалар мен пікірлер жазылып жатыр. 2024 жылы құқық қорғау органдарына шағым түсірдім. Алайда арызым қаралмай, жабылып қалды. Қазір шарасыз күйдемін”, – деп жазды ол.
Осылайша ол мемлекет басшысынан көмек сұрап, өтініш жолдаған.
Фото: intash_nauruzova TikTok парақшасынан
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Маңғыстау облысының әкімдігінен мән-жайды сұрап білді. Алайда әкімдіктегілер бұл облыс әкімінің жеке мәселесі екенін айтып, ресми жауап беруден бас тартты.
Бұған дейін тараған қауесет...
Айта кетейік, экс-депутат Ынташ Наурызова бұған дейін де осындай мәлімдемелер жасап, әкімнің алимент төлемейтінін айтқан еді. Сол кезде Нұрдәулет Қилыбай бұл ақпаратты растаған жоқ, жоққа да шығармады.
"Жылтырағанның бәрі алтын емес дейді ғой. Әлеуметтік желіде жазылғанның бәрі, сіздер айтып жатқан, менің атыма айтылған басқа да мәлімдемелер шындыққа жанаса бермейді. Әрине, мен барлығын қадағалап отырмаймын, бірақ баспасөз қызметіндегі әріптестерім көрсетеді. Жеке өзім мен жайлы жазылған кейбір нәрселермен келісемін, кейбірімен жартылай келісемін, кейбірімен үзілді-кесілді келіспеймін", – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Сонымен бірге бұл "жеке ісі" екенін айтып, бірнеше рет жауаптан жалтарған.
Нұрдәулет Қилыбай әкім лауазымына дейін
Еске салайық, Нұрдәулет Қилыбай 2024 жылы 17 мамырда Маңғыстау облысының әкім лауазымына кірісті. Ол бұған дейін “Өзенмұнайгаз” компаниясының бас директоры қызметін атқарған.
Нұрдәулет Қилыбай 1978 жылы 10 сәуірде дүниеге келген. 1999 жылы М.Тынышбаев атындағы көлік және комуникация қазақ академиясын Теміржол көлігін тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі инженер мамандығы бойынша тәмамдаған.
Ол 2003 жылы Л.Гумилев атындағы ұлттық Евразиялық университетін қаржы және қаржы құқығы мамандығы бойынша бітірген. 2018 жылы Stafford House халықаралық мектебін (Бостон, АҚШ) тәмамдаған. Бұдан бөлек ол 2018-2020 жылдар аралығында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған.
Сонымен қатар Маңғыстау облысының прокуроры ауысты. Ол – бұған дейін Ақмола облысының прокуроры қызметін атқарған Айдос Майлыбаев.
Айдос Серікханұлы Майлыбаев 1977 жылы Алматыда дүниеге келген. Заң саласында білімі бар, аға заң кеңесшісі. Алматы облысындағы екі ауданда прокурор болып қызмет атқарған. Жамбыл облысы прокурорының орынбасары, Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ол 4 жылдан аса Ақмола облысының прокуроры болған.
2020 жылдың ақпанынан бастап Ақмола облысының прокуроры. Бұл қызметке тағайындалғанға дейін ол Бас прокуратураның департамент басшысы қызметін атқарған.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
